Accessibility links

Пастор Қашқымбаев ісімен адвокатсыз танысты


Пастор Бақытжан Қашқымбаев. Астана, 8 қазан 2013 жыл
Пастор Бақытжан Қашқымбаев. Астана, 8 қазан 2013 жыл

Тергеуші «Благодать» пресвитериан шіркеуінің қамаудағы пасторы Бақытжан Қашқымбаевты қылмыстық істің 17 томдық материалдарымен 10 күн ішінде танысуға міндеттеген.

67 жастағы пастор Бақытжан Қашқымбаев 2013 жылдың мамыр айынан бері қамауда отыр. Әуелі «шіркеуге келуші әйелдердің бірінің денсаулығына гипноз арқылы зардап тигізді» деп айыпталған оған қазан айында экстремизм бабы бойынша жаңа айып тағылды. Астана қаласындағы абақтыда отырған ол қазір СИЗО-ның медициналық бөлімінде емделіп жатыр.

Құлағының созылмалы қабынуы күрт асқынып кеткен, аяқтары ауыратын, әрі жүрегі дімкәс Қашқымбаевтың «денсаулығым нашарлап кетті» деп шағымданғанына көп болды. Бірақ оны бір ай бұрын ғана емдей бастады. Пастордың медициналық көмек алу проблемасы шешілгенімен, енді оның заңды көмекке жүгіну мүмкіндігі шектелген.

17 ТОМ

Пастордың айтуынша, қылмыстық істің материалдарымен танысу кезінде оны заң көмегіне жүгіну мүмкіндігінен айырған. Қашқымбаевтың адвокаты Нұрлан Бейсекеев желтоқсанның 10-ынан бері ауруханада жатыр. Бірақ бұл жайтты пасторға қылмыстық іс материалдарымен танысу кестесіне қол қойдырған кезде ғана хабарлаған. Пастор «тергеуші қысым көрсетті» дейді.

Бақытжан Қашқымбаевтың адвокат Нұрлан Бейсекеевке жазған хатына қарағанда, тергеушілер қылмыстық істің 17 томымен танысып шығуға пасторға 10 күн мұрсат берген. 67 жастағы пастор «бір күнде істің 5-6 томын оқып шығуға тиіс болдым. Оның үстіне уколға барып, таблетка ішіп, капельница астында жатуым керек. Ал тергеушінің менімен келіспей кезекші адвокат бекіткенін соңғы сәтте ғана естідім» деп жазады.
Пастор Бақытжан Қашқымбаев әйелі Альфиямен.
Пастор Бақытжан Қашқымбаев әйелі Альфиямен.

«Денсаулығымның нашарлап кетуіне байланысты абақтының медицина бөлмінде емделіп жатқанымды білсе де тергеуші Глазков іспен таныстыру процедурасын немқұрайды өткізе салғанын Астана қаласы прокурорына жазған шағымдарымда көрсеттім. Сіздің заңды көмегіңіз болмаса күніне сегіз сағат іспен танысуға шамам келмейтінін түсіндіруге тырысқаныммен, тергеуші Глазков бұл жайтты мүлде елемей қойды» деп жазады Қашқымбаев адвокат Бейсекеевке.

Пастордың айтуынша, тергеуші тағайындаған адвокат жаңа жылға дейін онымен жолықпаған. Желтоқсанның 27-сі күні жазған хатына қарағанда, пастордың бұл шағымдарына Астана прокурорынан да жауап келмеген.

«Заң бойынша, тұтқындалған адамның жанында міндетті түрде адвокат болуы тиіс қой. Сондықтан арсыз адвокаттардың бірі тергеушінің ығына жығылып, өзінің кәсіби парызын сатып кеткеніне сенімдімін. Тергеуші бекіткен адвокат маған бір рет те келіп жолыққан жоқ, әрі менің келісімімді де сұраған жоқ» деп жазады Қашқымбаев.

Ол Астана прокуратурасынан адвокаттың қатысуынсыз өткен қылмыстық іс материалдарымен танысу процедурасын заңсыз деп тануды сұрайды.

«ҚЫЗЫЛ АДВОКАТТАР»

Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Роза Ақылбекованың айтуынша, егер істің саяси астары болса немесе белгілі бір тапсырыс түссе, қылмыстық іске «қызыл адвокаттар» деп аталатын қорғаушылар кіріседі. Құқық қорғаушы «мұндай адвокаттар заңнан қорған мен көмек іздеген адамды қорғаудың орнына, оны соттатып жіберу үшін тергеушілерге көмектеседі. Әдетте мұндай адвокаттар істі тезірек жабуға да тартылады» деп түсіндіреді.
Егер істің саяси астары болса немесе белгілі бір тапсырыс түссе, қылмыстық іске «қызыл адвокаттар» деп аталатын қорғаушылар кіріседі.

"Тұтқындалғандар мен сотталғандардың көбі түрмедегі жағдайға қатысты шағымданбайды. Көбі тергеу амалдары мен істің сотта қаралу барысына келіспей, аштық жариялайды, «Адвокатым болмады немесе оны таңдауға мүмкіндік бермеді, ал тергеушілер адвокат таңдау құқығым барын ескертпеді» деген шағымдар жиі түседі. Ол жердегі процедура адам құқығын сақтауға арналмаған. Заң бойынша, адам адвокатты өзі таңдауы тиіс" дейді Роза Ақылбекова.

Ал пастор Бақытжан Қашқымбаевтың ісін жүргізген тергеушінің пікірін білу мүмкін болмады. Ол журналистердің телефон қоңырауларына жауап бермейді.

Қазақстан билігі құрамына астаналық «Благодать» шіркеуі кіретін «Грейс» миссиясын «алаяқтық әрекеттермен айналысты, экстремистік мәтіндерді таратты, құлшылық ету кезінде галлюциогендік сусындар қолданды» деп айыптайды. Бірақ шіркеу басшылары бұл айыптарды мойындамайтынын бірнеше мәрте мәлімдеген. Осы айыптауларға байланысты қамауға алынған Бақытжан Қашқымбаев еркінен тыс психиатриялық тексеруден де өткен. «Бақытжан Қашқымбаевқа негізсіз айыптар тағылған» деп санайтын халықаралық құқық қорғау ұйымдары былтыр жазда Қазақстан билігін пасторды қудалауды тоқтатуға және оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG