Accessibility links

Ресей мен Қазақстан бірнеше келісім жасасты


Солдан оңға: Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин Еуразия Одағы келісіміне қол қойған соң бірін-бірі құттықтап тұр. Алматы, 29 мамыр 2014 жыл.
Солдан оңға: Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин Еуразия Одағы келісіміне қол қойған соң бірін-бірі құттықтап тұр. Алматы, 29 мамыр 2014 жыл.
Мамырдың 29-ы күні Астанада ресейлік «Росатом» компаниясы мен Қазақстанның «Қазатомпром» ұлттық компаниясы Қазақстан аумағында атом электр станциясын (АЭС) салу бойынша әріптестік орнатуға қатысты меморандумға қол қойды. «Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, құжатта қуаттылығы 300-ден 1200 мегаватқа дейін жететін АЭС салу жоспары бекітілген.

Қазақстанда АЭС салуды жақтаушылар да, оған қарсы азаматтар да бар. Бұған дейін азаматтық қоғам өкілдері билікке елде осы жайлы референдум өткізу туралы ұсыныс айтқан. АЭС салуды жақтаған ұлттық ядролық орталығы оған ең қолайлы аумақ ретінде бұрынғы Семей ядролық полигоны маңындағы Курчатов қаласын атаған. Орталық мамандары мұның себебін "Шығыс Қазақстандағы энергия тапшылығымен" түсіндірген еді.

Мамырдың 29-ы күні Ресей мен Қазақстан тарабы Қазақстандағы уран кен орындарын (Қорасан-1, Ақдала, Оңтүстік Іңкәй) дамытуға қатысты жол картасына да қол қойған. Ол құжатқа қарағанда, жер қойнауын пайдалануға қатысты қосымша келісім-шарттарға 2014 жылдың 28 қазанына дейін қол қойылып бітуі тиіс.

Бұл күні Ресей мен Қазақстан 2010 жылы 9 желтоқсанда Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау саласындағы экономикалық ынтымақтастық туралы екі ел арасында жасалған келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі құжатқа да қол қойды. Қол қою рәсімі Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен өткен. Бірақ келісімге нақты қандай өзгерістер енгізілгені айтылмады.

Ресей, Қазақстан және Беларусь президенттері 29 мамырда Астанада Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қойған.
XS
SM
MD
LG