Accessibility links

Тәжаяқов ісі бойынша сотта куәгерлерден жауап алу аяқталды


Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Джохар Царнаев. (Диас Қадырбаевтың "ВКонтакте" желісіндегі парақшасынан алынған сурет).
Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Джохар Царнаев. (Диас Қадырбаевтың "ВКонтакте" желісіндегі парақшасынан алынған сурет).

Бостон марафоны кезіндегі терактілерді тексеруге кедергі келтірді деп айыпталған қазақстандық студент Азамат Тәжаяқовтың ісі бойынша сотта үзіліс жарияланды. Бұдан соң тараптар жарыссөзге көшеді.

Алқа сот мүшелеріне дүйсенбі, шілденің 14-і күні Дартмут университетінде орнатылған бақылау камераларындағы жазбалардан үзінділер көрсетілді. Тергеуге кедергі келтірді деп айыпталып отырған қазақстандық студенттер Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев және Бостондағы жарылыстарды ұйымдастырды деп айыпталған Джохар Царнаев осы оқу орнында оқыған. The Boston Globe басылымы жазуынша, бейнежазба Азамат Тәжаяқов пен Джохар Царнаевтың университеттің жаттығу залына бірге кіргендерін және одан бірге шыққандарын көрсеткен. Бейнежазба 2013 жылдың 16 сәуірінде түсірілген – содан бір күн бұрын Бостон марафонының мәресінде үш адамның өмірін қиып, 260 жанды жарақаттаған жарылыстар болған.

Дүйсенбі күнгі сотта соңғы куәгер ретінде ФБР агенті Джон Уолкерден жауап алынды. Ол жауабында Тәжаяқовпен әңгімеде қазақстандыққа Царнаевтың болашағының ендігі анық екенін, бірақ Тәжаяқов тергеуге ынтымақтастық көрсетуге келіссе іс оң боларына боларына үміттене алатынын жеткізгенін айтты.

Судья Дуглас Вудлок тараптардың сәрсенбі күні болатын қорытынды жарыссөздері алдында, сейсенбі күні алқа соттары демалатынын айтты.

Азамат Тәжаяқовтың ісі бойынша сот процесі осы айда басталды. Терактіні ұйымдастыруда басты күдікті ретінде танылған – Қырғызстанның тумасы, АҚШ-та өскен Джохар Царнаев. Оның ісі бойынша сотты бастау қарашаға жоспарланып отыр.

Тергеу мәліметінше, жарылыстан соң үш күннен кейін Джохар Царнаевтың Массачусетс университетінде танысқан қазақстандық достары – Азамат

Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқов федеральдық сотта тұр. Бостон, 1 мамыр 2013 жыл.
Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқов федеральдық сотта тұр. Бостон, 1 мамыр 2013 жыл.

Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев оның пиротехника салынған рюкзагы мен ноутбугінен құтылған.

20 жастағы Азамат Тәжаяқовқа тергеуге кедергі келтірмек болды деген айып тағылған. Прокуратура оған терактіге тікелей қатысты деген айып тақпайды. Соттағы жарыссөз екі-үш аптаға созылуы мүмкін. Диас Қадырбаевқа байланысты қыркүйекте басталатын сот процесі бөлек өтеді. Тағылған айып дәлелденсе, олар 25 жылға дейін сотталуы мүмкін. Ол екеуі айыпты мойындамайды.

Тергеуге кедергі келтірмек болды деген айып Царнаевтың тағы бір досына – Қырғызстанда туған 23 жастағы Хайрулложон Матановқа да тағылған. Оны айғақты жойды және тергеушіге әдейі жалған ақпарат берді деп айыптайды. Прокуратура дерегінше, Куинси қаласындағы (Массачусетс штаты) такси жүргізуші Матанов Тамерлан мен Джохар Царнаевтарды жақсы білетінін, тіпті терактіден кейін бірнеше сағат өте олармен бірге түстенгенін жасырған. Оның қашан сотқа тартылары белгісіз.

Джохар Царнаевтың тағы бір досы, америкалық Робел Филлипоске де жалған куәлік берді деген айып тағылған. 16 жылға сотталу қаупі төніп тұрған, ол да Царнаевпен университетте танысқан Филлипос 100 мың доллар кепілге босатылған. Олардың ешбірі айыпты мойындамайды.

Айыптаушылардың пікірінше, 20 жастағы Джохар мен оның 26 жастағы ағасы Тамерлан Царнаевтар қолдан жасалған екі жарылғышты Бостон марафоны аяқталар маңға құрып қойған. Жарылыстан кейін үш күннен соң олар қаладан қашпақ болып, полициямен атыста Тамерлан оққа ұшқан. Джохар қазір қамауда отыр. Прокурорлар оған өлім жазасын сұрамақ.

XS
SM
MD
LG