Accessibility links

Жасөспірімдер олимпиадасы басталады


Нанкиндегі олимпиада ойындарына қатысушы қазақстандық жас боксшы Абылайхан Жүсіпов. 14 тамыз 2014 жыл.
Нанкиндегі олимпиада ойындарына қатысушы қазақстандық жас боксшы Абылайхан Жүсіпов. 14 тамыз 2014 жыл.

Қытайдың Нанкин қаласында сенбіде басталатын ІІ жасөспірімдер олимпиадасына Қазақстаннан 51 спортшы қатысады. Нанкиндегі Азаттық тілшісі олармен кездесіп, жоспарларын білді.

Тамыздың 16-сы күні кешке басталатын Нанкин жасөспірімдер олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстанның туын 16 жастағы боксшы Абылайхан Жүсіпов ұстап шығады. Жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы, екі мәрте Азия жеңімпазы атанған қарағандылық спортшы енді Нанкиндегі олимпиадада жеңіске жетуді армандайды.

"Туды маған сеніп тапсырған соң сенімді ақтауым керек. Дайындығым жақсы. Менің салмағымда (60 килограмм) рейтингі жоғары деген сегіз боксшы ғана бармыз. Биыл Болгарияда өткен жасөспірімдердің әлем чемпионатында барлық қарсыласымды жеңіп, чемпион атанғанмын. Сол жетістігімді қайталағым келеді" деді Абылайхан Жүсіпов Азаттық тілшісіне.

Қазақстандық жас боксшы Алуа Балқыбекова. Нанкин, 14 тамыз 2014 жыл.
Қазақстандық жас боксшы Алуа Балқыбекова. Нанкин, 14 тамыз 2014 жыл.

Абылайханнан бөлек Болгариядағы бокстан жасөпірімдер арасындағы әлем чемпионатында Шалқар Айқынбай (49 кг) алтын, Вадим Казаков (81 кг) күміс, қыздар арасында Алуа Балқыбекова (51 кг) қола алып, Нанкин олимпиадасына қатысу құқығына ие болған.

"Жолдама алған соң олимпиадаға дайындықты күшейттік. Менің салмағымда алты боксышымыз. Өзімнің бес қарсыласымды әбден зерттедім. Кем дегенде екі қарсыласымды ұтсам, қола жүлде алуға болады. Бірақ одан да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын" дейді Алуа Балқыбекова.

Ал каноэ есуден Қазақстан командасы жасөспірімдер олимпиадасына алғаш рет қатыспақ. Олимпиадаға жолдама алған ескекшілер - 16 жастағы Антон Алшанский мен Екатерина Калетенбергер. Екі спортшы жастығына қарамастан Қазақстанның ересектер құрамасының да мүшелері.

"Жасөспірімдер олимпиадасы - болашақта нағыз олимпиадаға үлкен дайындық. Сондықтан бар күшімді саламын. Нанкиннен кейін Инчхонда (Оңтүстік Корея) өтетін Азия ойындарына қатысамын" деді Антон Алшанский Азаттыққа.

Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті Нанкиндегі жарыстан кем дегенде сегіз медаль, оның ішінде үш алтын алуды жоспарлап отыр.

Жасөспірімдер олимпиадасына Қазақстаннан 51 спортшы қатысып жатыр. Олар 17 спорт түрінен сайысқа түседі. Нанкиндегі ойын 16-28 тамыз аралығында өтеді.

2010 жылы Сингапурде өткен алғашқы жасөспірімдер олимпиадасында Қазақстан екі алтын, екі күміс, екі қоламен жалпы есепте 24-орын алған еді.

XS
SM
MD
LG