Accessibility links

Министрлік Мухортоваға емделу «ұнайтынын» айтты


Адвокат Зинаида Мухортова. Астана, 8 қазан 2013 жыл
Адвокат Зинаида Мухортова. Астана, 8 қазан 2013 жыл

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, психиатриялық ауруханаға еркінен тыс жатқызылған тәуелсіз адвокат Зинаида Мухортоваға "емделу ұнайды", әрі оның "шағым-талабы жоқ".

«Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Бақытжан Төреғожина Facebook желісіндегі парақшасында Қарағанды облысы Балқаш қаласында тұратын тәуелсіз адвокат Зинаида Мухортованы психиатриялық ауруханаға еркінен тыс жатқызудың заңдылығына күмәнданған. Белсенді Төреғожина ауруханадағы адвокаттың өмірі мен денсаулығына алаңдаған азаматтық белсенділер жолдаған хатқа денсаулық сақтау министрлігі қайтарған жауаптың фотокөшірмесін жариялады.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті бастығының міндетін атқарушы Руслан Нұрмұханов азаматтық белсенділердің ұжымдық хатына жауабында «адвокаттың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ, әрі Мухортоваға емделу ұнайды» деп жазған.

Құқық қорғаушылар денсаулық министрлігінің бұл уәждеріне сенбейді.

«КОМИССИЯ ҚҰРЫП ТЕКСЕРГЕН»

Руслан Нұрмұханов хатқа жазған жауабында Зинаида Мухортованы психиатриялық стационарда ұстаудың заңдылығы мен қауіпсіздігін тексеру туралы ұжымдық өтінішті «комиссия құрып тексерген» Қарағанды облыстық бақылау департаментінің деректерін келтірген.

Құқық қорғаушылардың Мухортова «белгісіз таблетка берген соң тұншығып, оның өмірі мен денсаулығына қатер төнген» деген ақпаратын денсаулық сақтау министрлігінің өкілі терістейді. Ол «Мухортова таблетка түріндегі дәрілік препараттарды ішуден бас тартқан. Ал медициналық құжаттарда оған егілген дәрілік препараттардың зиянды әсері болғаны туралы дерек жоқ. Яғни, азаматша Мухортова таблетка түріндегі дәрілік препараттар ішпеген» деген уәж келтірген.

Мухортованың өмірі мен денсаулығына төнген қауіп-қатер анықталмады.

Денсаулық министрлігі өкілінің жазуынша, Мухортова медициналық қызметкерлер мен өзге науқастардың көзінше «стационарда жатып емделу де, стационарда жасалған жағдай да ұнайтынын, медициналық қызметкерлерге шағымы жоқ екенін, медициналық персоналдың бөлімшедегі науқастарға дұрыс қарайтынын, өміріне төнген қауіп жоқ екенін айтқан».

Руслан Нұрмұханов жауабын: «Сонымен азаматша З.Ж.Мухортованың өмірі мен денсаулығына төнген қауіп-қатер анықталмады» деп аяқтаған.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің бас сарапшысы Гүлнәр Жансерікова Азаттық тілшісіне бұл жазбаның Руслан Нұрмахановтың жауабы екенін растады. Жансерікованың айтуынша, бұл жауап комиссия актісі негізінде жазылған, әрі актінің дұрыстығына комиссия мүшелері жауапты.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР «ЖАЗАЛАУ ПСИХИАТРИЯСЫ» ТУРАЛЫ

Зинаида Мухортованың сіңілісі Наталья Абент «шілде айында ауруханаға барғанымда әпкемнің беті ісіп кеткенін, теңселіп әрең жүретінін, қысқасы халі нашарлап кеткенін байқадым» деп хабарлаған еді. Мухортова сіңілісіне «белгісіз бір уколдарды күштеп сала бастаған соң жағдайым нашарлап кетті» деп шағымданған. Ол кезде Наталья Абент Азаттық тілшісіне «прокуратура араласқан соң Мухортоваға күмәнді укол салу тоқтады» деп хабарлаған.

Құқық қорғаушылар Мухортова - Қазақстанда жаңғырып келе жатқан «жазалау психиатриясы» құрбандарының бірі деп санайды.

Бақытжан Төреғожина, қоғамдық белсенді. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл
Бақытжан Төреғожина, қоғамдық белсенді. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл

Facebook желісінде Бақытжан Төреғожина министрліктен алған жауапқа қатысты: «Не деп жауап жазғандарын оқыңдаршы! Қас жауының қарауында психиатриялық ауруханада жатқан адам басқа не айта алушы еді? Зинаидадан басқа қандай жауап күтеді?! Адамды осылай қорлауға бола ма?!» деп ашынған пікір жазған. Оны Гүлнәр Есіркепова сияқты бірқатар азаматтық белсенділер, қазір Польшада тұратын қазақстандық саяси эмигрант Лана Винявская және басқалар қолдаған.

Бақытжан Төреғожина Азаттық тілшісіне «Қазақстанда билікке жақпаған жандарға қолданылатын «жазалау психиатриясы» жаңғырып келеді. Бұдан ертеректе оны Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында тұратын құқық қорғаушы Александр Харламов пен астаналық пастор Бақытжан Қашқымбаевқа қолданбақ болған» деп мәлімдейді.

Белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис Азаттық тілшісіне: «Зинаида Мухортова өзі кіріптар болып қалған ресми тұлғалардың алдында басқа не айта алады?» дейді.

Оның қазіргі жағдайда айтқан сөздерін нотариус куәландырса да, мені ештеңеге сендіре алмайды.

"Оның қазіргі жағдайда айтқан сөздерін нотариус куәландырса да, мені ештеңеге сендіре алмайды" дейді Евгений Жовтис.

Жовтистің айтуынша, Мухортованың жағдайын нақты білу үшін билік оның қоғамға немесе өзіне қауіпті екенін дәлелдеуі тиіс. Бұл үшін Қазақстаннан тыс жерде оны тәуелсіз психиатриялық сараптамадан өткізіп, оны емдеу барысын тұрақты бақылап отыруға жағдай жасалуы тиіс.

"Мен бұл талаптар орындалмайынша Мухортоваға Совет Одағы кезіндегі «жазалау психиатриясын» қолдану белгілерін байқауға болады деп есептеймін" дейді Жовтис.

Зинаида Мухортова шілденің 2-сі күні сот шешімі негізінде психиатриялық ауруханаға кезекті мәрте күшпен қамалған. Мухортованы қудалау 2009 жылы - ол Балқаш қаласының бес тұрғынымен бірге Қарағанды облысынан сайланған парламент депутаты Нұрлан Нығматуллиннің үстінен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен «Нұр Отан» партиясына шағым жазғаннан кейін басталған. Адвокат Мухортованың үстінен «Көрінеу жалған өсек тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оны аяқ астынан пайда болған «сандырақтау» диагнозы бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатқанімен, психиатриялық ауруханаға еркінен тыс емделуге жіберілді.

Зинаида Мухортоваға тағылған айыптардың «саяси астары бар» деп санайтын халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан үкіметін адвокатқа тағылған айыптарды алып тастауға және өзгеше ойлайтын адамдарды психиатриялық клиникаға қамау практикасын тоқтатуға шақырған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG