Accessibility links

Украинадағы жағдай шиеленісе түсті


Мариуполь тұрғындарының шеруі. Украина, Донецк облысы, 28 тамыз 2014 жыл.
Мариуполь тұрғындарының шеруі. Украина, Донецк облысы, 28 тамыз 2014 жыл.

НАТО бүгін Украинаның шығысындағы жағдайды талқылайтын жиын өткізбек. Бұл ұйым Украинаға Ресейдің бір мыңдай жауынгері кіргенін мәлімдеді. Ал Ресей президенті Украинадағы сепаратистерге үндеу жариялады.

НАТО тамыздың 28-і күні "Ресей жауынгерлерінің Украинаға кіргенін дәлелдейтін" спутник фотографиялардың бар екенін хабарлады.

НАТО штабының генералы Нико Так "Ресейдің астыртын әрекеттері күн өткен сайын айқын көрініп келеді" деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, "Ресей тактикасы - сепаратистердің жеңілуіне жол бермей, Украинаның шығысындағы қақтығысты шешілмейтін бітеу жараға айналдыру; сол арқылы бұл елдегі дағдарысты соза түсу".

АҚШ, БҰҰ, ГЕРМАНИЯ ЖӘНЕ ФРАНЦИЯНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

АҚШ президенті Барак Обама да тамыздың 28-і күні Ресейді "Украинадағы сепаратистерді дайындап, қаржылай қолдап, қаруландырып отыр" деп айыптады. Обама "Украинадағы Ресей жауынгерлерінің спутниктен түсірілген суреттері Кремль әрекеттерін әшкерелеп отыр" дейді.

Украинаға кірген Ресей әскері деп жариялаған НАТО суреттері.
Украинаға кірген Ресей әскері деп жариялаған НАТО суреттері.

Бірақ ол "АҚШ Украинадағы ұрыстарға араласпайтынын" айтты.

Обама Германия канцлері Ангела Меркельмен сөйлескенін, Ресейдің өз әрекеттеріне жауап беруі тиіс екеніне оның да келіскенін мәлімдеді.

Тамыздың 28-і күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі де шұғыл жиын өткізді. БҰҰ-дағы Батыс елдері өкілдері Ресейдің соңғы күндердегі әрекеттеріне наразылық білдірді. Осы ұйымдағы АҚШ елшісі Саманта Пауэрдің пікірінше, Ресей Украинаға басқыншылығын "жасырып, мойындамай отыр". Ол АҚШ пен "Үлкен жетілік" және Еуропа елдері "Ресейдің әрекеттерін тоқтатуға тырысатынын" айтты.

Франция билігі де "Ресей Украинадағы жағдайды одан бетер шиеленістіре берсе, жаңадан қатаң санкциялар салатынын" ескертті.

ПУТИННІҢ СЕПАРАТИСТЕРГЕ ҮНДЕУІ

Ресей президенті Владимир Путин "Новороссия жасақтарына үндеу" жариялады. Ресей президентінің ресми сайтына бұл үндеу тамыздың 29-ына ауған түні сағат бірлер шамасында ілінген.

Үндеуде "Көтерілісші жасақтар Киевтің әскери операциясын тойтаруда үлкен жетістіктерге жеткені", бірақ "ол операциялардың Донбасс тұрғындарына қасірет әкелгені, көптеген бейбіт адамдардың қаза тапқаны" жазылған.

Украинамен шекаралас Ростов облысында байқалған әскери колонна. Ресей, 28 тамыз 2014 жыл.
Украинамен шекаралас Ростов облысында байқалған әскери колонна. Ресей, 28 тамыз 2014 жыл.

Ресей президенті "Украина жауынгерлерінің көбі қоршауда қалғанын" мәлімдеп, сепаратистерді "оларға қоршаудан шығатын дәліз беруге, сол арқылы Украина жауынгерлерінің отбасыларымен табысуына жағдай жасауға, жараланғандарға дәрігерлік көмек көрсетуге" шақырған.

Путин Ресейдің "Донбасс халқына гуманитарлық жәрдем жеткізетінін" айтып, Киевті сепаратистермен "келіссөздерді бастауға" шақырған.

Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Виталий Чуркин Украинадағы қақтығыстарға Ресей азаматтарының қатысып жатқанын теріске шығармайды, бірақ оларды "еріктілер" деп атайды.

КИЕВ МӘЛІМДЕМЕЛЕРІ

Тамыздың 28-і күні Украина билігі "Ресей әскерінің танкілер көмегімен шекараға таяу Новоазовск қаласын басып алғанын" хабарлады. Киевтің болжамынша, "Мәскеуге Қырымға баратын құрлық жолы керек, сондықтан Кремль Қара теңіз жағалауындағы Мариуполь қаласын басып алуды жоспарлауы мүмкін". Ресей Қырымды наурыз айында аннексиялаған еді.

Украинаның Новоазовск қаласының маңында жүрген Украина жауынгерлері. Донецк облысы, 27 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Украинаның Новоазовск қаласының маңында жүрген Украина жауынгерлері. Донецк облысы, 27 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина қауіпсіздік күштерінің баспасөз хатшысы Андрей Лысенко үкіметтің Мариупольді қорғау үшін әскер шоғырландырып жатқанын хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, Ресейдің Қырымдағы әскері де белсене бастаған - Украина армиясы Херсон облысына кірмек болған ресейлік шолғыншы жауынгерлерді байқаған.

Украинаның шығысындағы үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы қақтығыс бұл елдің Қырым түбегін Ресей аннексиялап алғаннан кейін, сәуір айында басталған еді.

XS
SM
MD
LG