Бүгін Алматыда Қазақстанда "гомосексуализмді насихаттауға қарсы" заң қабылдауға шақырған жиында ұйымдастырушылар мен жыныстық азшылық өкілдері арасында дау туды.
Қазақ гуманитарлық заң университетінде өткен жиынға оны ұйымдастырушы "Болашақ" республикалық қозғалысы өкілдері, белсенді жастар және бірен-саран әншілер қатысты. Жиынға қатысқандардың көпшілігі "гомосексуализмді насихаттауға" қарсы тұруға шақырды.
"Болашақ" қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов көршілес Ресейдегідей Қазақстанда да "гомосексуализмді көпшілік алдында насихаттауға тыйым салатын" заң қабылдау қажеттігін айтты. Жиын барысында кейбіреулердің "Қазақстанда жалпы гомосексуализмге заңмен тыйым салу керек" деген пікірлеріне осы жиынға келген санаулы белсенділер қарсы уәж айтты.
Жиынға қатысқандардың бірі, өзін Анатолий Черноусов деп таныстырған азамат Азаттық тілшісіне бүгінгі әңгіме тақырыбы жыныстық азшылық өкілдеріне қарсы пікірлерге ұласып кеткенін айтты.
"Бұл жиын гейлерді кемсітушілік сипатына ауып кетті. Меніңше, гомосексуализм - адамда туа бітетін табиғи құбылыс. Жиынды ұйымдастырушылар, былайша айтқанда, өзгенің жеке өміріне араласып отыр деп санаймын" деді ол.