Accessibility links

«Кіші Аралды толтыру – Қазақстанның Аралды сақтауға қосқан үлесі»


Жуықта NASA Арал теңізінің шығыс бөлігі толық тартылып біткенін хабарлады. Суалып бара жатқан теңіздің экологиялық зардабы маңындағы елдерді уайымға салып отыр.

Қазанның 28-29-ы күндері Өзбекстанның Үргеніш қаласында «Арал теңізі аймағында экологиялық апат зардабын азайтудағы ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Жиынға халықаралық және аймақтық ұйымдар, 20 шақты елден келген сарапшылар қатысты.

Конференцияда халықаралық донор ұйымдардың Арал теңізі аймағындағы экологиялық ахуалды жақсартуға 3 миллиард доллар бөлетіні хабарланды.

Арал теңізі мәселелерін зерттеуші қазақстандық маман, су ресурстары комитетінің бас сарапшысы Мүсілім Жиенбаев Азаттыққа берген сұхбатында экологиялық апат аймағындағы елдердің әрекеті жайлы да айтты.

Азаттық: – Халықаралық донор ұйымдар Арал теңізін құтқаруда нақты қандай жобаға көмектеспек?

Мүсілім Жиенбаев: – Аралды сақтап қалуға байланысты бірнеше ірі бағдарлама жасалған. Соның ішінде осыған дейін «Арал теңізі бассейні – 1», «Арал теңізі бассейні – 2» деп аталатын кешенді ірі бағдарламалар жүзеге асырылған. Қазақстан 2009-2011 жылдары Аралды құтқару қорына төрағалық еткенде «Арал теңізі бассейні – 3» аймақтық бағдарламасын дайындаған. Бұл бағдарлама бірнеше жобаларға бөлінеді. Оның ішінде Арал төңірегіндегі экологиялық мәселелер ғана емес, әлеуметтік салалар да қамтылады. Әзірге осы үшінші бағдарламаға ақша бөлінген жоқ.

Арал теңізінің NASA ғарыштан түсірген суреті. 2014 жылдың тамызы.
Арал теңізінің NASA ғарыштан түсірген суреті. 2014 жылдың тамызы.

Бағдарламаны жасаған уақытта донор болуы мүмкін қаржы ұйымдарының сарапшылары да іске тартылған. Бірақ неге екені белгісіз, үшінші бағдарламаға әлі күнге дейін донорлар қаржы бермей келген. Конференцияда БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның видеоүндеу жасап, Арал мәселесіне байланысты жобаларға халықаралық донор ұйымдарды арнайы шақыру себебі де осыдан.

Азаттық: – Сонда бұған дейін халықаралық қаржы ұйымдарының көмегі тоқтап тұрды ма?

Мүсілім Жиенбаев: – «Арал теңізі бассейні – 2» бағдарламасына қаржы ұйымдары көмектескен. Мәселен, Кіші Аралды бөгейтін Көкарал бөгетін салуға Дүниежүзілік банктің қаржылай көмегі болды. Бірақ дәл қазір халықаралық донор ұйымдардың қатысымен жүргізіліп жатқан жобалар жоқ.

Азаттық: – Қазақстанның «Сырдария өзенінің арнасын реттеу» деген бағдарламасы болғаны белгілі. Аралға құятын екі өзеннің енді бірі Әмударияға қатысты осындай бағдарламалар жасалды ма?

Мүсілім Жиенбаев: – «Арал теңізі бассейні – 3» бағдарламасына Әмудария өзенінің алабы да кірген. Өйткені егіс алқаптарына пайдаланатын маусымда Әмудария өзенінен Аралға мүлде су жетпейді деуге болады.

Азаттық: – Түркіменстанның бұрынғы президенті Сапармұрад Ниязовтың тұсында «Құм ішіндегі түркімен теңізін» жасау қолға алынған еді. Арал теңізінің әрі қарай суалуына бұл жобаның әсері бар ма?

Арал теңізінің солтүстігіндегі Көкарал дамбасы. 21 мамыр 2010 жыл.
Арал теңізінің солтүстігіндегі Көкарал дамбасы. 21 мамыр 2010 жыл.

Мүсілім Жиенбаев: – «Түркімен теңізі» дейтін бұл жобаға егіндікке пайдаланып, сүзгіден өткеннен кейін коллекторға құйылатын су жиналады. Түркіменстанның «құм ішінде теңіз жасайтыны» туралы Арал бассейніндегі мемлекеттермен келіскені есімде жоқ. Коллекторлық су Аралға түспейді деп есептейтін болсақ, онсыз да су тапшылығын тартып отырған кезде бұл да бір соққы болады. Ол суды қайтадан Әмударияның арнасына салуға болатын еді. Коллекторлық су, яғни пайдаланылғаннан кейін қайтадан арнаға қосылатын қайтарма су Сырдария өзенінде де бар.

Азаттық: – Тәжікстан салуды жоспарлап отырған Рогун су электр станциясы да Әмудария бассейнінде емес пе?

Мүсілім Жиенбаев: – Иә, ол да Әмудария бассейнінде. Өзбекстанның Рогун су электр станциясын салуға үзілді-кесілді қарсы болуына Орта Азиядағы су тапшылығы да бір себеп. Тәжікстан бұл су электр станциясын салса, Әмудария суын шектеуі мүмкін деген қауіп бар. Алайда Тәжікстан «станцияға керек суды тек өз үлесіміздің есебінен 10-20 жылда жинаймыз» деп сендіргісі келеді. Арал теңізінің бассейніне қатысы болғандықтан Қазақстан да бұл даулы мәселеден шет қала алмайды. Қазақстан қазір «Рогун су электр станциясының жобасы әуелі халықаралық ұйымдардың мұқият сараптамасынан өтуі керек» деген ұстанымда.

Бір кездегі Арал теңізінің табаны қазір шөлге айналған. Тұрғындар суды құдықтан ішеді. Қазақстан, 21 сәуір 2005 жыл.
Бір кездегі Арал теңізінің табаны қазір шөлге айналған. Тұрғындар суды құдықтан ішеді. Қазақстан, 21 сәуір 2005 жыл.

Азаттық: – Қазақстанның Сырдария өзені суын тек Кіші Аралға ғана жіберуі Арал теңізі бассейніндегі өзге елдердің наразылығын тудырмай ма?

Мүсілім Жиенбаев: – 1993 жылы Арал мәселесі бойынша Қызылорда қаласында Арал аймағындағы мемлекет басшылары кездесіп қабылдаған декларацияда «әр мемлекет Арал теңізінің қалған бөлігін сақтап қалуға күш салады» деп көрсетілген. Сондықтан Қазақстан Кіші Аралды бөліп алды деуге болмайды. Егер Қазақстан Көкарал бөгетін салмаса, онда Кіші Арал да жойылатын еді. Кіші Аралды сақтап қалу Қазақстанның Арал теңізін сақтап қалуға қосқан үлкен үлесі екенін көршілес елдердің барлығы да мойындайды.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге көп рақмет.

XS
SM
MD
LG