Пәтердің есігін қағып, жарықты есептеуге келген ұзын бойлы қыз «смспен неге жібермейсің» дегенде, «біз - квартирантпыз» деген сөз аузымнан аузымнан шығып кетеді. «Квартирант» сөзін жатақхана бермей, Оралда пәтерден-пәтерге ауысқанда айтушы едік, тұрмысқа шыққанда да айтамын деп кім ойлаған...
Біз ауылда (Атырауда), қайын жұртым шығыста еді. Жүгімді төркініме жинап қойып, өзіміз үй жалдадық. Терезесі ашылмайтын, газ кірген бөлмесі кілттенген үйдің иелерін күтіп жүре берсек, қыс болатын түрі бар. Ұятты жиып қойып, ата-анамда қыстап шықтық. Күйеуіме жұмысының берген уәдесі орындалмағасын, әкімнің қабылдауына өзім кірдім. Тағы уәде. Ұлымды қайынжұртқа барып, дүниеге әкелдім. Кейін жолдасыма қызметтік үй берілді. Енді орналасып, үй боп жатқанда, басқа қалаға қайта ауысып кеттік. Дымы жоқ бір үйді сағалап отырмыз.
«Полуторканы» сөмкелерімізбен толтырып, есігіне киімдерімізді іліп, шкафка айналдырдық. Тентек болмасын деп, балаңның әр адымын бақылап, «қабырғаны боясаң, қожайын ұрсады» деп қорқыту – менің күнделікті жұмысым. (Кейде екі үйі мен саяжайы бар қожайынды ойласам, өзге отанда өмір сүретін адам боп кеткім келеді). Қатардан қалдым деп емес, болашағымды ойлап мұңаямын. Мәселен, құрбыларымның да жетісіп жүргені шамалы. Ипотекаға бірі 60 мың (Оралда), бірі 225 мың (Астанада) төлейді. Жолдасы екеуі де жұмыс жасайды, балалары балабақшаға барады. Ал біз мында кезекке қайтадан қойдық. Бір ғана отағасының еңбекақысына үйге жинамақ тұрмақ, ешкімге қарыз болмағанға қуанасың.
Батыстан Орталық Қазақстанға көшетін кезде-ақ өміріміздің қалай өрбитінін ішіміз сезген. Бір үйдің дүниесін берген жүгімнен тек екі үлкен сөмкені алып, «дүние құрысын, отбасымызбен аман болсақ болды» деп шешкем. Машина жалдап, пойызға салып, пойыздан алып, әрі қарай таксимен жүгімізді әзер жеткізгенбіз. Бұларды ағайынның бірі білмейді. Білген күнде де бөліп берер ештеңесі жоқ. Көрген, сөйлескен жерде ақылын айтып қалады: «Бәрін үйлестіретін – әйел. Сендер жақсы болсаңдар да, жаман болсаңдар да сенен көреді. Ақша жинап, үй алыңдар» деп. Ана ақылшы апам: «Үйді әзірге ойлап қажеті жоқ. Үй түгілі, жер алу қиын. Осыған төзіңдер, бұйыртқаны болады» дегенде, «біздің өмірімізді қызыңызға беріп көрсінші» дегім келеді. Әйтпесе, квартирант болған кімге оңай дейсіз...
Ләззат НЫҒМЕТ
Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.