Астанада "Тұңғыш президент күніне" орай кино апталық басталды. Француз режиссері Режис Гезельбаштың «Идеялар әлемді өзгертеді» атты деректі фильмі биыл «Тұңғыш - Первый» атты кино апталықтың басты жаңалығы ретінде таныстырылды.
21 қарашада басталған кино апталық "Елбасы кітапханасында" өтпек. Шараны ұйымдастырушылар Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы фильмдерді биыл 5 мың студент пен оқушыға көрсетпек.
2011 жылғы желтоқсанда Қазақстан парламенті 1 желтоқсанды президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне "Тұңғыш президент күні" мемлекеттік мейрамы етіп бекіткен.
Ал француз режиссері Режис Гезельбаш өзінің «Идеялар әлемді өзгертеді» атты деректі фильмі Еуропа елдерінде кеңінен көрсетілуі үшін келіссөздер жүріп жатқанын айтты. Гезельбаш «Стереотип күші», «Мүмкіндік», «Ноу-хау», «Сабақтастық», «Негіз», «Білім», «Қозғалыста» атты жеті бөлімді деректі фильмі арқылы Қазақстанды әлемге танытқысы келгенін айтады.
Француз режиссері: «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл фильмнің бітпеген нұсқасын көріп, ұнатқанын білдірді. Ұнатпаса, біз оны көрсетпес едік» деді. "Тұңғыш президент күніне" орай кино апталық Астанада екінші мәрте өтіп жатыр.
«Ниндзя тасбақалар» анимациялық фильмнің режиссері ретінде танылған Режис Гезельбаш қазақ-француз «Ұлжан» фильмінің (2006 жыл) продюсері. Оның 13 туындысы түрлі халықаралық кинофестивальдерде 76 номинация бойынша жүлде алған.