Accessibility links

Сепаратистерді қолдаған опера әншісі дауға қалды


Опера әншісі Анна Нетребко мен Украинадағы ресейшіл сепаратистер жетекшілерінің бірі Олег Царев «Новороссияның» туын ұстап тұр. Санкт-Петербург, 8 желтоқсан 2014 жыл.
Опера әншісі Анна Нетребко мен Украинадағы ресейшіл сепаратистер жетекшілерінің бірі Олег Царев «Новороссияның» туын ұстап тұр. Санкт-Петербург, 8 желтоқсан 2014 жыл.

Танымал опера әншісі Анна Нетребко Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдаймын деп дауға қалды. Әлеуметтік желідегі жұртты оның сепаратистер лидерімен түскен суреті ашуландырды.

Анна Нетребко сепаратистер жетекшісімен түскен суретінде өзін-өзі жариялаған «Новороссияның» туын ұстап тұр.

Ресейден шыққан, осы күні Австрияда тұратын әлемге танымал сопрано дауысты әнші Анна Нетребко Украинаның шығысындағы сепаратистерді ашық қолдағаны үшін жұрттың сынына ұшырады.

Әнші өткен аптада Санкт-Петербургте сепаратистер жетекшілерінің бірі Олег Царевпен бірге баспасөз мәслихатын өткізіп, онда Донецк опера театрына бір миллион рубль (18 мың 650 АҚШ доллары) көмек қаражат аударатынын мәлімдеген.

Украинаның шығысындағы сепаратистік әрекеттері үшін Еуропа Одағы Царевті санкциялар тізіміне қосқан еді.

«САЯСИ АСТАРЫ ЖОҚ КӨМЕК»

Шыққан тегі украин болғанымен, Ресей мен Австрияның қос азаматтығын алған Нетребко бұл қайырымдылық көмектің саясатқа еш қатысы жоқ екенін, өзінің тек өнерге жәрдемескісі келетінін айтып ақталды.

- Қаражаттың діттеген жерге, яғни, Донецкідегі опера сарайына жететініне көз жеткізу үшін оны ресми тұлғаның қолына табыс еттім. Бұл қайырымдылық көмектің ешқандай саяси әрекет емес екенін баса айтқым келеді, - деді Нетребко. Бірақ оның бұл сөзіне көпшілік сене қоймады.

Анна Нетребко мен Олег Царевтің сепаратистер жариялаған «Новороссия» туын ұстап түскен суреті әлеуметтік желілерде кең тарап, интернет қолданушылар оны қызу талқылады.

Әншінің қарулы «сепаратистерге қаржылай көмек бергеніне наразы» жұрт пікірін жариялау үшін #BoycottAnnaNetrebko деген хэштег пайда болды.

AUSTRIAN AIRLINES-ПЕН КЕТІСУ

Бұл оқиға опера әншісінің атақ-даңқын жарнама мақсатына пайдаланып жүрген Austrian Airlines компаниясын ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Жұрт Austrian Airlines-ті де сынап жатыр.

Шілде айында Украинаның шығысында Malaysia Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы құлап, бортындағы 298 адам түгел опат болған еді. Тергеу әлі аяқталған жоқ, дегенмен Украина билігі «жолаушылар ұшағын сепаратистер атып құлатты» дейді.

Австриялық әуе компаниясын жарнамалайтын әншінің сол сепаратистердің басшысын қолдап, суретке түсуі Austrian Airlines компаниясына абырой әпермейді.

Мұның алдында Нетребконың Ресейдегі гейлерге қарсы заңды қолдағаны үшін дауға қалған бұл әуе компаниясы енді саясатқа жақын әншіден іргесін аулақ салып отыр. Азаттық радиосына сұхбат берген әуе компаниясының баспасөз хатшысы:

- Анна Нетребко Austrian Airlines компаниясының жарнама әріптесі болған. Қарашаның соңында Нетребко ханыммен арада жасалған жарнама келісім-шартының мерзімі бітті. Біз кез келген экстремистік саяси позициялардан және қарулы бүліктерден бойымызды аулақ ұстаймыз, - дейді.

Анна Нетребконың ресми сайтында әншінің «Austrian Airlines компаниясының бет-бейнесі» екені жазылған. Бірақ компания өкілдері опера әншісімен арадағы келісім-шарт ұзартылмайтынын айтады.

Austrian Airlines-тің Нетребко түскен жарнамалық видеосы қазірдің өзінде YouTube сайтынан алынып тасталған.

БҰҰ деректеріне қарағанда, Украинаның шығысындағы қақтығыстардан сәуір айынан бері 4 мыңға жуық адам опат болған. Қаза болғандардың көбі – бейбіт тұрғындар.

(Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG