«Келинка Сабина» - жас режиссер әрі продюсер Нұртас Адамбаевтың толық метражды тұңғыш картинасы. Қалада өсіп, араб шейхына тұрмысқа шығуды армандаған, алайда шопан жігітке алданып, ауылға келін болған Сабинаның тағдырын баяндаған комедия прокатқа қарашаның 27-сі күні шыққан.
Азаттыққа сұхбат берген Нұртас Адамбаев фильмнің кассалық табысын «коммерциялық құпия» дейді. Дегенмен алғашқы бес күннің өзінде оның 112 миллион теңге жиғаны БАҚ-та хабарланды. Шамамен 300 мың долларға түсірілген фильм прокатқа шыққан алғашқы екі демалыста 133 миллион тенге, яғни шамамен 738 мың доллар жинаған.
ПЕТРОПАВЛДАҒЫ ҚОС КИНОТЕАТР
Фильм Қазақстанның Петропавлдан өзге қалаларында көрсетіліп, көрген жұрт әлеуметтік желіде қызу талқылап жатыр. Ол пікірталастарға фильм продюсері Нұртас Адамбаевтың Facebook парақшасындағы мына мәлімдемесі май құйғандай әсер етті.
«Достар, Петропавл кинотеатрлары киномызды прокатқа алудан бас тартты. Олардың ойынша, тұрғындарға фильм қызық емес. Оларға біз де, прокатқа жауапты «Меломан» компаниясы да ықпал ете алмаймыз. Өкінішті. Отандық картиналарға көзқарастары өзгерер деп үміттенеміз».
Адамбаевтың бұл жазбасынан соң әлеуметтік желіде кинотеатрлар әрекетіне наразы пікірлер шыға бастады. «Көрермен құқығы» бұзылды деп прокуратураға жүгіну туралы ұсыныс айтқандар да бар.
Мәселен, бұрынғы депутат Мұрат Әбенов «Кинотеатр басшылары, «жергілікті тұрғындар үшін фильм қызықсыз» деп өздері шешкен. Оларға мұндай құқықты кім берді? Неге осы аймақтың тұрғындары отандық фильмнен құр қалуы керек? Мәдениет туралы заңның сақталуына қатысты прокуратура жедел түрде кинотеатрлар жұмысын тексеруі тиіс» деп жазды.
Сценарий авторы әрі бас кейіпкер Сабинаны сомдаған Нұртас Адамбаев Азаттық тілшісіне Петропавлдағы екі кинотеатрдың да қарашадан бері фильмді көрсетпей отырғанын айтты. Ол «фильм - отбасылық комедия, прокат куәлігін алған» дейді. Қазақстанда ондай куәлік туынды мазмұнында әлеуметтiк, ұлттық, дiни астамшылық (араздық қоздыру) және зорлық-зомбылық насихаты бар-жоғы тексерілгеннен кейін беріледі.
«АЛМАҒАНЫМЫЗ ҚАТЕЛІК БОЛҒАН ШЫҒАР»
Азаттық тілшісі Петропавлдағы екі кинотеатрдың интернеттегі афишасын қарағанда, фильмдер арасында «Келинка Сабина» болмады. Кинотеатрдың бірі Азаттыққа қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Ал екінші кинотеатрдың өзін «Ирина» деп таныстырған менеджері:
- Көп фильм келеді, арасынан таңдаймыз. Қазақстандық фильм болған соң алмай қойған жоқпыз. Біздің залымыз біреу. Фильмнің бәрін көрсете алмаймыз. Прокат фирмаларының фильмдерін қанша рет, қай уақытта көрсету талаптары бар. Осы апта 15 фильм келді делік, бәрін көрсетуге уақыт жетпейді. Арасынан таңдауымызға қарай іріктеп аламыз. «Келинка Сабинаны» алмағанымыз қателік болған шығар, - деді.
Қазақстанның «Мәдениет туралы» заңында шетелдiк фильмдерге қарағанда, отандық фильмдер прокатына басым жағдайлар жасалатыны айтылғанымен, жеке кинотеатрлар кестелерін негізінен өзі анықтауға құқылы. Сондықтан, Петропавл тұрғындары бұл комедияны кинотеатрдан көре алмауы да мүмкін еді. Бірақ желтоқсанның 14-і күні Нұртас Адамбаев Азаттық тілшісіне фильм прокаты «Петропавлда арғы апта басталатынын» хабарлады.
- Басында фильмді «қызық емес» деген Петропавлдағы кинотеатрлар енді бір аптадан кейін көрсете бастайтындарын айтты. Әйтеуір, көрсетсе болды, себебі сұраныс ол жақта да бар, - деді Адамбаев.
Оның айтуынша, фильм 2014 жылдың маусым айында Алматы облысындағы Дегерес ауылында 17 күнде түсірілген. Нұртас Адамбаев «Көрерменді қызықтырғаны кейіпкер көшіріп алынбай, біздікі болғаны шығар. Ауылды ертегідей етіп көрсеттік, проблемаларын ысырып қойдық. Себебі халықтың жағдайы мәз емес, фильмді көріп, бір сәт демалсыншы дедік... Адами қарым-қатынас, дәстүр мен ана тілі деген дүниелер бар екенін айтқымыз келді. Сабина басында дәстүрлерді білмейді, аяғында қазақ тілін үйреніп, көзқарасы өзгереді. Сынап жатқандар да бар. Кей адамдар комедияны түсінбейтін сияқты. Комплекстерден арылып, фильмге әзіл ретінде қарау керек» дейді.