Радикалды "Ислам мемлекеті" (ИМ) ұйымының "Ресейдің шпионы" деп сипатталған екі адамды атқаны туралы Азаттықтың мақаласы ашылмай қалды.
Қаңтардың 13-інде әлеуметтік желіде тараған ИМ видеосында қарулы ұл баланың өздерін "Ресей тыңшысымыз, Сирияда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі пайдасына жұмыс істедік" сипаттайтын екі адамды тапаншамен атқаны түсірілген. Видеоның басында "тыңшымыз" деп "мойындаған" екі адам тергеуге алынады. Олардың бірі өзін "Жанболат Мамаев Есенжанұлымын, 1976 жылы Қазақстанның Жамбыл облысы Мерке ауданында тудым" деп таныстырады.
Қаңтардың 14-інде Азаттықтың бұл видео жайлы жариялаған қазақ және орыс тілдеріндегі мақалалары бүгін таңертеңнен бастап ашылмай қалды.
Бұған дейін Азаттық сайтында жарияланған "жиһадшы қазақ балалар" жайлы материалдар да ашылмай қалған. Елдегі ең ірі интернет провайдері "Қазақтелеком" компаниясы Азаттықтың осы және өзге де "жиһадқа" қатысты материалдарының ашылмай қалуына қатысы жоғын айтып келеді. Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті редакциямызға берген жауабында Азаттық материалдарының ашылмай қалуын бұған дейін прокуратураның «аталған видеоролик пен оның үзінділерін жарияламау» жайлы ескертуіне байланысты «шектеу қойылған» деп түсіндірген. Бірақ Азаттық өз материалдарында ол видеороликті немесе оған гиперсілтемелерді жарияламаған.