Ақтауда аштық жариялаған балалар үйінің бұрынғы екі тәрбиеленушісі дәрігер көмегін алды.
Ақтауда балалар үйінің бұрынғы 12 тәрбиеленушісі ақпанның 4-інде өздері тұрып жатқан оралмандарды оңтайландыру орталығында өздерін жалақысы жоғары жұмысқа алуды талап етіп аштық жариялаған. Оның төртеуі - отбасылы.
Бүгін аштық ұстап жатқан екі қыз жағдайы нашарлап ауруханаға түскен. Аштық жариялаушы өзге тұрғындар олардың асқазандары ауырып, температурасы көтеріліп, жедел жәрдем көлігімен облыстық ауруханаға әкетілгенін айтқан. Жедел жәрдем дәрігерлері Азаттық тілшісіне "аштық жариялағандардың жағдайы жақсы" деп, денсаулықтары туралы ақпарат беруден бас тартқан.
Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Руслан Бектұрбаев Азаттыққа "аштық жариялаған Гүлсім Асқар мен Манзура Қалбаеваға "асқазан қызметінің бұзылуы" деген диагноз қойып, көмек көрсетіп жібердік. Бірақ бұл диагноз аштықтан туындай қоймаған. Қазір аштық ұстағандардың барлығының жағдайын бақылап отырмыз,-" деген.
Аштық жариялағандар дәрігерге қаралған соң үйлеріне қайтарылған.
Наразылық танытушылар 26 қаңтарда қалалық әкімдік пен прокуратураға аштық ұстайтындары туралы ескерту хат жазғандарын айтады. Аштық ұстаушылар табыстары күнкөріске жетпейтінін айтып,, өздеріне жалақысы жоғары жұмыс тауып беруін талап етіп қалалық әкімдік пен прокуратураға бірнеше рет қайырылғандарын айтады.