Accessibility links

Путиннің «ұстазы» – Собчак өлімінің жай-жапсары әлі жұмбақ


Анатолий Собчак (сол жақта) пен Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путин (сол жақта). Сурет 1994 жылы түсірілген.
Анатолий Собчак (сол жақта) пен Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путин (сол жақта). Сурет 1994 жылы түсірілген.

Петербургтің бұрынғы мэрі, Путинді саясатқа «әкелген» Анатолий Собчактың жүрек талмасынан қайтыс болғанына 15 жыл толды. Бұл өлімге Путиннің қатысы болған деген долбар айтатындар бар.

Санкт-Петербург қаласының бұрынғы мэрі Анатолий Собчактың өліміне Ресей президенті Владимир Путиннің де қатысы болуы мүмкін деген болжам айтатындар да табылады. Анатолий Собчак осы аптада жарық көрген, аяқталмай қалған кітабында Сталинді, тоталитарлық жүйені сынайды. Мұның өзі осы күдікті бұрынғыдан да күшейте түсті.

Аймақ басшылары ішінде тарихқа өзгеріс әкеле алатын адамдар аз болады. Ал Ресейдің солтүстік астанасы - Санкт-Петербург мэрі болған реформашыл саясаткер, әрі Путиннің жас кезіндегі «ұстазы» Анатолий Собчак ерекше тұлға еді.

Қаланың Совет Одағы кезіндегі «Ленинград» деген атын өзгерткен, мұндағы демократиялық реформалардың басында тұрған ол «қайта құру» науқанының белсенді өкілдерінің бірі болды.

Анатолий Собчактың дүниеден озғанына 15 жыл толды. Жұрттың көбі оны қазіргі президент Путинді саясатқа алып келген адам ретінде біледі. Собчак кезінде өзінің орынбасары болған Путинге «өзінің жеке мүдделері мен қажеттіліктері туралы емес, мемлекет жайлы ойлайтын адам» деп жоғары баға берген.

Собчактың жесірі Людмила Нарусованың марқұм күйеуінің қазіргі Ресей президентіне берген сол бағасын қайта ой елегінен өткізуге уақыты жеткілікті болды. Путин президент болған соң саяси реформаларды тоқтатып, елді автократиялық жүйеге бұрып жіберді. Нарусова Путиннің президенттік билігіне қатысты күдік-дүдәмалдары болғанымен, Собчактың сол пікірі дұрыс деп санайды.

– Путин өзін арнайы миссиямен келген мемлекетшіл тұлғамын деп есептейді. Осы тұрғыдан қарағанда, әрине, бұл – дұрыс сөз. Ол мемлекеттің мүдделерін жақсы түсінемін және оларды ойдағыдай жүзеге асырып жатырмын деп санайды, – деді Людмила Нарусова өзі құрып, күйеуінің есімін берген «Демократиялық даму» музейінде берген сұхбатында.

Алайда біраз үнсіз отырып қалған Людмила ​Нарусова:

– Бірақ Вольтер айтқандай, «билік адамды бұзады, абсолюттік билік абсолютті түрде бұзады». 15 жыл деген – өте ұзақ мерзім, – деді.

«СОБЧАКТЫҢ ПУТИНГЕ ЫҚПАЛЫНАН ҚОРЫҚТЫ»

Анатолий Собчактың қазасы төңірегінде түсініксіз жайттар көп. Санкт-Петербург қаласының мэрі қызметіне екінші мерзімге сайлана алмай қалған ол коррупция жөнінде айыптар тағылып, 1997 жылы Ресейден кетіп қалады.

Екі жыл Францияда тұрған Анатолий Собчак егде тартқан Ельциннің орнына Путин сайлауға түсіп жатқан тұста оған қолдау көрсету үшін Ресейге оралады. Бұл кез 2000 жылғы наурыз айында өткен президент сайлауы қарсаңы еді.

Людмила Нарусова.
Людмила Нарусова.

2000 жылы ақпанның 19-ы күні сайлау науқаны жұмыстарымен Батыстағы Калининград аймағына барған Анатолий Собчак 62 жасында қонақүй бөлмесінде жүрек талмасынан қайтыс болды деген ақпарат тарады. Бірақ кейіннен БАҚ «оған у берген» деген де болжамдар айта бастады. Собчакпен бірге жүрген КГБ-ның бұрынғы екі агентін кейін атып кетті. Бұл оқиғадан соң Собчак өліміне қатысты күдікті күшейе түсті.

Күйеуін жерлеу рәсімі кезінде Путин мен жасөспірім қызы Ксения Собчактың ортасында отырып суретке түскен Нарусова сол кезде «Собчактың қазасы туралы шындықты айтатын уақыт келген жоқ» деген еді.

Арада 15 жыл өтсе де Людмила ​Нарусова күйеуінің өліміне қатысты әңгімені қазбалауға құлықсыз, тек бұл оқиға туралы мәлімет «қауіпсіз жерде сақтаулы» деумен шектелді.

Мамандығы тарихшы, өзі кезінде Ресей федералдық кеңесінің депутаты болған Людмила Нарусованың айтуынша, заңгер әрі постсоветтік люстрацияны жақтаған реформашыл саясаткер Собчак Путинмен бірге КГБ-нің жоғары баспалдақтарына көтерілген, оның маңайындағы адамдарға қатер төндірген.

– Олар Собчактың болашақ президентке ықпалы өте жоғары болады деп қорықты. Олар ықпал ақша немесе бизнес тұрғысынан болады деп емес, Собчактың заң үстемдігін қолдауынан қауіптенді. Президент болған алғашқы жылдары Путиннің «заң диктатурасы», «заңға бағынатын мемлекет» деген тіркестерді көп айтқаны есіңізде шығар. Ал қазір қалай? Саяси оппозиция өкілдеріне қарсы қылмыстық істер қозғалып жатыр. Тележүргізуші әрі Путинді сынайтындардың бірі саналатын қызымның үйін заңсыз тінтті. Кезінде Собчак қауіп еткен жайттардың барлығы қазір асқан бір қатыгездікпен жүзеге асып жатыр, – дейді Людмила ​Нарусова.

«БҰЛ КІТАП – БӘРІМІЗГЕ ЕСКЕРТУ»

Бірақ Людмила Нарусованың президент Путин туралы пікірі жаман емес. Жақында АҚШ қоғамдық телеарнасы түсірген деректі фильмде ол Путиннің атына мақтау айтып, Собчактың қазасының 15 жылдығына байланысты өткен аптада болған еске алу шарасында Путинге ілтипат көрсетті.

Соған қарамастан, елдегі саяси климаттың өзгеруіне байланысты Людмила Нарусова қызы Ксения Собчакпен ақылдаса келе, Анатолий Собчактың Сталин және совет қоғамының тоталитаризмге ойысуы туралы аяқталмаған кітабын жариялау керек деген шешімге келген.

Бұл кітапты Анатолий Собчак 1998-99 жылдары Францияда қуғында жүрген кезінде жазған. Париждің архивтері мен кітапханаларын ақтарған ол советтік қуғын-сүргіннен қашқан адамдардың қолжазбалары мен басқа да тарихи құжаттарды зерттеген. Нарусованың айтуынша, бұл кітап жай ғана совет диктаторын сынау емес. Марқұмның жесірі «Ол Сталинді мадақтау арқылы жеке басқа табыну культін қалыптастырған бәрімізге баға берген» дейді.

Анатолий Собчак (оң жақта) пен актер Олег Басилашвили. 1994 жылдың ақпаны.
Анатолий Собчак (оң жақта) пен актер Олег Басилашвили. 1994 жылдың ақпаны.

Кезінде Анатолий Собчактың серігі және қалалық дума депутаты болған, қазір адам құқықтарын қорғаушы белсенді Александр Винниковтың айтуынша, бұл кітаптың Путин мен Сталин режимдерінің арасындағы ұқсастықтарға алаңдайтындар көбейген сәтте шыққаны дұрыс болды. Оның үстіне, бұл кітап «Собчактың көмекшісі болып жүрген Путин мен қазіргі Путиннің ойлау жүйелерінде қандай өзгерістер болды?» деген сұраққа жауап іздеуге де көмектеседі.

- Собчактың сталинизм жайлы көзқарастарын оқи отырып, оның орынбасары болған қазіргі президент Путиннің ел басқару тәсілдеріне сталинизм элементтерін көз алдымызда енгізіп жатқанын байқауға болады. Собчак сияқты антикоммунист және антисталинист тұлғаның шекпенінен шыққан адамның қалайша «қазіргі Путинге» айналғанын бақылау өте қызық, – дейді Александр Винников.

Петербург саясаткерлерінің кейбірі Собчактың бұл кітабы құнды деп ойламайды.

– Оның Парижде немен айналысқанын білмеймін. Бірақ ол тарихты жақсы білді дей алмаймын. Сталин төңірегіндегі аңыздардың ақиқатын аша алды деп ойламаймын. Біз ең алдымен Собчактың өзінің мифтерін ашып алуымыз керек, – дейді қалалық думаның бұрынғы депутаты Сергей Егоров.

Собчактың жесірі Людмила Нарусова бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, кітап тек зерттеу болғанымен емес, «Совет ренессансы» заманында, дер кезінде жарық көргенімен құнды.

– Анатолий Александрович миллиондаған бейкүнә жанды ГУЛАГ-та қырып салу Гитлердің қылмысымен пара-пар деп есептеген. Оның айтуынша, тоталитаризмнің түп тамыры халықтың өз бойында жатыр. Көзсіз бағыну, «дауыс бер» деп нұсқаған адамға дауыс беру, бойды билеген түсініксіз үрей – мұның бәрі бойымызда қалып қойған. Бұл кітап – бәрімізге жасалған ескерту, – дейді ол.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).

XS
SM
MD
LG