Accessibility links

Есенбек Өктешбаев ешқайда кетпеуге қолхат берген


"Халыққа баспанасын қалдырайық" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаев. Астана, 7 сәуір 2015 жыл.
"Халыққа баспанасын қалдырайық" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаев. Астана, 7 сәуір 2015 жыл.

Он күннен бері Астананың орталығында акция өткізіп тұрған проблемалық несие борышкерлерінің бастамашыл тобы жетекшісі Есенбек Өктешбаевтан бүгін полиция ешқайда кетпеу туралы қолхат алған. Өктешбаевтың айтуынша, оны қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бабымен қарастырылған іс-әрекетке күдікті санап отыр. Бұл бап бойынша жеті жылға мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатыны айтылған.

Өктешбаевты жауапқа тарту туралы арызды Астана полициясына кеше Алматыдан барған азаматтық белсенді берген.

Бүгін таңертең Есенбек Өктешбаев пен оның әйелі Бақыт және тағы бірнеше борышкерді Астанада жалдап тұрып жатқан пәтердің алдынан ұстап, қаладағы Есіл аудандық полиция бөліміне апарып, сол жерде бірнеше сағат ұстаған.

– Әуелі менен күдікті ретінде жауап алмақ болды. Бірақ мен жауап беруден бас тартқан соң, куәгер ретінде жауап алды, - деді Есенбек Өктешбаев Азаттыққа телефон арқылы.

Полиция Өктешбаевтан ешқайда кетпеу туралы қолхат алып, оған және бірнеше борышкерге сәуірдің 18-і күні таңертең полиция басқармасына келу туралы талап айтылған шақырту қағазын тапсырған.

Қазақстанның бірнеше аймағынан келген ондаған борышкер ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді талап етіп, сәуірдің 7-сінен бері күнде Астананың орталығындағы бульварда жиналып жүр.

XS
SM
MD
LG