Accessibility links

Непалда зілзаладан сегіз күннен соң үш адам табылған


Зілзаладан құлаған үйінің орнында отырған әйел. Непал, 2 мамыр 2015 жыл.
Зілзаладан құлаған үйінің орнында отырған әйел. Непал, 2 мамыр 2015 жыл.

Непалда бүгін құтқарушылар ел астанасы Катмандудан батысқа қарай 60 километр жердегі Сиаули елді мекенінде, сегіз күн бұрын болған жер сілкінісі кезінде құлаған қирандылар астынан тірі қалған үш адамды алып шыққан.

Соңғы ресми деректер бойынша, Непалдағы зілзала құрбандарының саны 7040 адамға жеткен. Әлі мыңдаған адам хабарсыз кеткенге саналып отырғандықтан, құрбандар саны әлі де ұлғаюы мүмкін деп ескертеді билік орындары. Жер сілкінісі салдарынан 14 мыңнан аса адам жараланған.

Негізгі күш зілзаладан зардап шеккендерді гуманитарлық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған. Көшкін, ауа райының қолайсыздығы және тікұшақтардың жетіспеуі шалғайдағы аймақтарға гуманитарлық жәрдем жеткізуді қиындатып отыр.

БҰҰ шетелден жіберілген гуманитарлық жәрдем жүктері Непал кеденінде бөгеліп жатқандықтан, ел билігін кедендік бақылауды босаңсытуға шақырды. Мамырдың 1-і күні Непалда шатырлар мен тағы бірнеше тауар түрлерінен кедендік баж алуды тоқтатты. Бірақ, Непал ішкі істер министрлігі «шетелден келетін тауарлардың барлығы кедендік бақылаудан өтуі тиіс» деп мәлімдеген.

Непалда сәуірдің 25-і күні 7,8 магнитудалы жойқын жер сілкінісі болған.

XS
SM
MD
LG