Accessibility links

ҰБТ-ны өткізуге қатысты өзгерістер жасалды


ҰБТ тапсырып шыққан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет).
ҰБТ тапсырып шыққан түлектер. Алматы, 3 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет).

Биыл Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өткізу мен ұйымдастыруға бірнеше өзгеріс енгізілді деп хабарлады бүгін білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов.

Астанада брифингте сөйлеген Нүсіповтің сөзінше, биыл мектеп бітіруші түлектің аттестатына баға "орташа арифметикалық есептеу" бойынша қойылмақ. Яғни, егер түлек 11-сыныпқа дейін үздік бағаға оқып, ҰБТ-да пәндерден төмен балл алып қалса, онда аттестатына төмен баға емес, орташа баға қойылмақ. Дәл сол сияқты мектепте төмен бағаға оқыған түлек ҰБТ-да пәндерден жоғары балл алса, онда аттестатына жоғары емес, орташа баға қойылады.

Саят Нүсіпов бұған қоса биыл ҰБТ сұрақтарына логикалық, функционалдық тапсырмалар көбірек қосылғанын да айтты.

Саят Нүсіповтің сөзінше, былтырға дейін Қазақстан бойынша ҰБТ 155 пунктте тапсырылған. Биыл ҰБТ тапсыратын орын саны 10-ға көбейіп, 165-ті құрамақ. Саят Нүсіпов мұны түлектердің ҰБТ тапсыруындағы жүктемені азайту үшін жасалып отырғанын айтады.

"Бұрын бір күнде бір пунктте 800-ге дейін түлек тест тапсыратын. Бұл ҰБТ тапсыруды ұйымдастыру жұмыстарына қосымша жүктеме болатын. Биыл бұл жүктемені жеңілдету үшін бір күнде бір пунктте тест тапсыратын түлек санын 600-ге дейін азайтатын болдық" деді Саят Нүсіпов. Биыл ҰБТ тапсыру бұрнағы жылдардағыдай бір аптаға емес, екі аптаға созылады

Биыл бұдан өзге түлек ҰБТ нәтижесін бұрынғыдай аты-жөні арқылы емес, өзіне берілетін идентификациялық нөмірі арқылы ғана біле алады.

Министрлік өкілінің сөзінше, биыл Қазақстан мектептерін 124 мың 346 түлек бітіреді. Олардың 84 мың 248-і мектепті қазақ тілінде, 40 мың 62-сі орыс тілінде бітірмек. Қазірге дейін түлектердің 79 мыңға жуығы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген.

XS
SM
MD
LG