Accessibility links

Ауған президенті Қазақстан азаматы қазасына көңіл айтты


Ауғанстан президенті Мохаммад Ашраф Ғани.
Ауғанстан президенті Мохаммад Ашраф Ғани.

Ауғанстан президенті Мохаммад Ашраф Ғани қазақстандық Әйгерім Абдулаеваның қазасына қатысты президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан халқына көңіл айтты. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) ресми сайтында 16 мамыр күні хабарлады.

СІМ сайтындағы ақпаратта "Ашраф Ғани Қазақстанның Ауғанстандағы елшісімен телефон арқылы сөйлескен кезінде Қазақстан президенті мен халқына, терроршылар шабуылы кезінде Кабулде қаза тапқан Айгерім Абдулаеваның туыстарына көңіл айтты" деп жазылған.

Ауғанстан лидері "Қазақстан азаматының қазасына қабырғасы қайысқанын, үкіметтің елдегі терроризмді жоюға бар күшін салатынын" жеткізген. Ауғанстан президенті Қазақстанды "Ауғанстанның үлкен әрі жақын досы" деп атаған.

1987 жылы дүниеге келген Қазақстан азаматы Айгерім Абдулаева 13 мамыр күні Ауғанстан астанасы Кабул қаласындағы қонақкүй кешеніне қарулы шабуыл жасалған сәтте қаза тапты.

Кабулдағы Park Palace Hotel қонақ үйіне "Талибан" содырлары шабуылынан 14 адам қаза тапқан. Қонақ үйде болған тағы 54 адам қауіпсіздік қызметінің бірнеше сағатқа созылған операциясынан соң құтқарылғаны хабарланды. Құтқарылғандар арасында 45 шетелдік бар.

XS
SM
MD
LG