Accessibility links

«Елдегі демалыс» фотобайқауы


Фотоға түсіп тұрған қазақстандық демалушы. Көрнекі сурет
Фотоға түсіп тұрған қазақстандық демалушы. Көрнекі сурет

Азаттық вебсайты оқырмандарының арасында Қазақстанда өткізген биылғы жазғы демалысын бейнелейтін фотолар байқауын жариялайды. Жүлдеге Nikon фотоаппараты тігілген.

Көптен күткен жазғы демалысқа шықтыңыз ба? Ендеше ойлаған жеріңізге барып жай ғана дем алып қайтпай, есте қалар қызықты оқиға, я әдемі көріністер бейнеленген суреттеріңізді Азаттықтың байқауына жіберіп, фотоаппарат ұтып алудың сәті түсіп тұр.

Азаттық Қазақстандағы туристік маусым мен танымал орындарға көпшілік назарын аударту мақсатын көздеп, 16 маусым – 31 тамыз ортасында оқырмандары үшін «Елдегі демалыс» атты фотобайқау жариялайды. Байқауға биылғы демалысын елде өткізіп, табиғат аясы мен дем алушылар туралы кез-келген тақырыпта қызықты фотосурет түсіріп алған барша талапкерлер қатыса алады.

Фотобайқау шарттары бойынша бұған дейін басқа сайттарда жарияланбаған, ешқандай логотипі мен белгісі жоқ, арнайы компьютерлік бағдарламалар арқылы өңделмеген таза форматтағы суреттер қабылданады.

Жалпы эстетикалық принциптерге қайшы (анайылық, жалаңаштық, я қатыгездік көріністері бар, т.с.с.) фотолар байқауға қатыстырылмайды. Бір оқырман тек үш сурет жібере алады. Фотоның тақырыбы, авторы, түсірілген орны мен уақыты анық көрсетілуі керек.

Фотоларыңызды Азаттық вебсайтының «Хабар – сізден» парақшасындағы жүктеу түймесі арқылы және WhatsApp қосымшасы арқылы жолдай аласыздар.Суреттеріңізді жіберу алдында Азаттықтың қолдану шарттарын оқып шығуларыңызды өтінеміз.

Оқырмандар түсірген суреттердің ішінен үш үздігін (бірінші, екінші және үшінші орын) Азаттық кәсіпқой фотографтардан арнайы құрған қазылар алқасы анықтайды. Үш жүлдегерге де фотоаппарат табыс етіледі. Қазылар құрамы мен жүлдегерлер қыркүйектің алғашқы аптасында жарияланады. Фотобайқауға түскен суреттер бірден арнайы ашылатын парақшаға шығып отырады.

Баршаңызға биылғы жаз жайлы демалыс тілейміз һәм өздеріңізден әдемі суреттер күтеміз.

XS
SM
MD
LG