Өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасының" (ДХР) билігі аймақ территориясында өзін-өзі басқарудың ерекше режимін енгізіп, 18 қазанда жергілікті органдарға сайлау белгіледі.
"ДХР" басшысы Александр Захарченконың мәлімдемесінде әзірге 18 қазанда қалалар мен аудандар басшылары сайланады деп жоспарланып отырғаны айтылады. Захарченконың сөзінше, жергілікті органдарға сайлау мен өзін-өзі басқарудың ерекше режимін енгізу "Минск келісімі аясында" жасалынып отыр. Ол бұған қоса "Украина билігі өкілдерінің бұл шешімдерді талқылап, қабылдауға қатысқанын" айтты.
"Сайлау Украинаның "Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аудандарында жергілікті өзін-өзі басқарудың уақытша тәртібі туралы" заңына, Конституция мен ДХР заңдарына сай өтеді" деп мәлімдеген Донецк сепаратистерінің басшысы.
Бірер күн бұрын Украина конституциясына өзгерістер енгізу жобасын таныстырған Петр Порошенко парламентке ұсынылатын құжатта "Донбассқа ешқандай ерекше мәртебе беру қарастырылмағанын" мәлімдеген.Оның сөзінше, жобада бұл аймаққа үш жыл мерзімге ішінара өзін-өзі басқару құқығын беретін заңдар бары ғана айтылған.
Украина шығысында билікті орталықсыздандыру мен жергілікті органдарға сайлау өткізу 2014 жылдың қыркүйегінде Минскіде жасалған келісімде қарастырылған. Сайлау 2014 жылдың желтоқсанында өтуі тиіс болатын. Бірақ өзін-өзі жариялаған "халықтық республикалар" басшылығы дауыс беруді қарашаның басына белгілеп, Киев өткізілген сайлау нәтижлерін танудан бас тартқан.