Accessibility links

Серік Ахметов пен 21 шенеуніктің ісі сотқа берілді


Экс-премьер Серік Ахметов.
Экс-премьер Серік Ахметов.

Экс-премьер, бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметовпен қоса Қарағанды облысы экс-әкімінің, Қарағанды қаласы экс-әкімінің және басқа да шенеуніктердің ісін тексеру аяқталып, сотқа тапсырылды.

Қарағанды облысының прокуратурасы экс-премьер-министр, бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметовке, облыстың экс-әкімі Бауыржан Әбдішевке, Қарағанды қаласының экс-әкімі Мейрам Смағұловқа және басқа да облыс әкімшілігінің лауазымды қызметкерлері мен коммерциялық ұйымдардың қызметкерлерінеқатысты қылмыстық іс материалдарын тексеруді аяқтады.

Барлығы 21 адамға қызмет бабын асыра пайдалануға, бюджет қаражатын ұрлауға және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға байланысты айыптар тағылған.

13 шілдеде қылмыстық іс Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотқа жіберілді. Ресми түрде айыпталушылар сотқа берілді.

2014 жылы 19 қарашада мемлекеттік қызмет және коррупциямен күрес істері жөніндегі агенттік Серік Ахметовты "пара алды, ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды, қызмет өкілетін асыра пайдаланды, заңсыз түрде кәсіпкерлікпен айналысты" деген күдікпен үйқамаққа алды.

Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі.
Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі.

Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев 2014 жылы қыркүйектің 24-іне қараған түні ұсталған. Оған қылмыстық кодекстің "қызмет өкiлеттiгiн теріс пайдалану" бабы бойынша айып тағылды.

Бауыржан Әбдішев Қарағанды облысының әкімі қызметін 2013 жылдың қаңтарынан 2014 жылдың маусымы аралығында атқарған еді.

Ал 2014 жылдың қазанында мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «қызмет өкілетін теріс мақсатта пайдалану» айыбы бойынша Қарағанды қаласының экс әкімі Мейрам Смағұловты да қамауға алған.

2012 жылдың қазанынан 2014 жылдың маусымына дейін Қарағанды қаласының әкімі болып істеген Мейрам Смағұлов бұл қызметінен өз өтінішімен кеткен еді.

Серік Ахметов - Әкежан Қажыгелдиннен кейін істі болған екінші экс-премьер. 1994 жылдың күзінен 1997 жылдың күзіне дейін үш жыл премьер-министр қызметін атқарған Әкежан Қажыгелдинді 2001 жылы Қазақстан жоғарғы соты 10 жылға бас еркіндігінен айыру туралы сырттай үкім шығарған. Оған да "қызметін асыра пайдаланды, бюджет қаражатын ұрлады" деген айыптар тағылған. Қажыгелдин биліктен кейін оппозицияға өткен болатын. Ол өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп мойындамаған.

XS
SM
MD
LG