Душанбеде Тәжікстанда тыйым салынған "Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясының" (ТИҚП) заңгері Бузургмехр Еров ұсталды.
Ішкі істер министрлігінің 29 қыркүйекте хабарлауынша, Еров "алаяқтық жасады, жалған ақша жасаумен айналысты" деген күдікке ілінген. Еров осы айдың басында қорғаныс министрінің орынбасары Абдухалим Назарзоданың полицияға шабуыл жасауына қатысты күдікпен ұсталған ТИҚП жетекшілерін қорғайтын.
Назарзода 16 қыркүйекте арнайы операция барысында оққа ұшған. Душанбе оны қыркүйектің басында Душанбе маңында полиция бекеті мен қару-жарақ қоймасына жасалған шабуылды "ТИҚП басшылығының нұсқауымен ұйымдастырды" деп айыптаған.
Тамыз айында Тәжікстан әділет министрлігі ТИҚП қызметіне тыйым салып, 7 қыркүйекке дейін қызметін тоқтатуға мұрсат берген.
ТИҚП жетекшісі, қуғында жүрген Мухиддин Кабири өзі мен партиясына тағылған айыпты "саяси астары бар" деп мойындамайды.