Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Түркиядан Қазақстанға келетін жүк көліктерінің шекарадан өте алмай, Ақтау портында кідіріп қалғанына қатысты түсінік берді. Оның сөзінше, Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың нашарлауы Қазақстанды "түңілдіреді, өкінтеді".
Астанада өткен брифингте Ыдырысовтан Азаттық тілшісі Ресейдің Қазақстанға келетін түркиялық жүк көліктерін территориясынан (Грузия-Ресей шекарасында - ред.) өткізбей отырғанын айтып, оларды өткізу мәселесі қалай шешіліп жатқанын сұраған болатын.
Ыдырысов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей-Түркия жанжалына қатысты екі ел басшыларымен сөйлескенін, Қазақстан жағы Ресей билігімен транзит мәселесін реттеу туралы келіссөз жүргізгенін айтты.
- Бұдан ең алдымен біздің бизнесмендер, тасымалдаушыларымыз зардап шекті. Себебі маршруттың өзгеруі мен ұзаруы тауарды тасымалдау құнына, ең соңы тұтынушыларға да әсер етті. Бізде Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) аясында шекара жоқ болғандықтан, мұндай жағдай болмауы тиіс. Ресей мен Түркия арасындағы, жалпы алғанда Ресейдің Батыс елдерімен арасындағы санкция салу саясаты сауда-саттықтың дұрыс жүруіне кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселемен қазір вице-премьер Бақытжан Сағынтаев күнделікті, тұрақты түрде айналысып жатыр. Мұндай жағдай алда болмайды деп үміттенеміз, - деді Ыдырысов.
Ресей мен Түркия арасы Түркия әскери-әуе күштерінің 24 қараша күні Сириямен шекарада ресейлік Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсіруінен кейін нашарлаған.