Accessibility links

Саудия елшілігіне кім шабуылдағаны жұмбақ


Сауд Арабиясы елшілігіндегі өрт. Тегеран, Иран, 2 қаңтар 2016 жыл.
Сауд Арабиясы елшілігіндегі өрт. Тегеран, Иран, 2 қаңтар 2016 жыл.

Ираннан жеткен ақпаратқа сүйенсек, Тегерандағы Сауд Арабиясы елшілігіне жасалған шабуыл үшін кез-келгенді жауапқа тартуға болады.

Тегерандағы Сауд Арабиясы елшілігіне жасалған шабуылға қатысты әзірше анық екі нәрсе бар: ирандықтардың әрекетіне Эр-Рияд назар аударды және Иранның рухани билігі бұл шабуылдан іргесін аулақ салғысы келеді. Бірақ, Тегерандағы елшілік үйі мен елдің солтүстік-шығысындағы Мешхед қаласындағы Сауд Арабиясы консулдығына кімдер шабуылдағаны әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. Бұл шабуылға күдіктілер туралы жорамалдар бойынша, оны жасағандар қатарына Ислам республикасының ресми қорғаушыларын да, шетелден қолдау алған оппозиция мүшелерін де, я болмаса қатаң ұстанымдағы топтарды да жатқызуға болады.

Сауд Арабиясы танымал шииттік діни тұлға Нимр әл-Нимрге өлім жазасын орындағаннан кейін оған жауап ретінде жасалған бұл шабуыл Эр-Рияд пен оның кейбір одақтасының Иранмен қарым-қатынасын шиеленістіріп жіберді. Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хоменеи қаңтардың 2-сі күні Нимрді өлтіргендерді «Алланың қаһары» күтіп тұр деп мәлімдеген, ал қатаң ұстанымдағы Иранның исламдық жүйесін қорғайтын Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) «аяусыз кек алуға» уәде етті.

Иран үкіметі зорлық-зомбылыққа өзінің қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді. Нимрді жазалағандарды айыптаса да, Иран президенті Хассан Роухани қаңтардың 3-і күні саудиялық елшілікке шабуылдағандарды құптамайтынын білдіріп, оны «еш ақтауға болмайтын әрекет» деп атады. Билік шабуылға қатысы бар 44 адамның тұтқындалғанын хабарлады.

КНӘЛІНІ ІЗДЕУ

Иран шенеуніктерінің кейбірі шабуылды шетелдік билік, соның ішінде Сауд Арабиясына қатысы бар «жансыздар» ұйымдастыруы мүмкін деп тұспалдады. «Иранның жоғарғы басшысы Аятолла Хоменеидің жаудың жансызы туралы пікіріне қарағанда, Сауд Арабиясының елшілігіне қарсы жасалған соңғы әрекет алдын ала жоспарланған және оған белгісіз күштер ықпал еткен» деді Иран әділет министрі Мостафа Пурмохаммади қаңтардың 5-і күні.

Ал кейбір бақылаушылар бұл шабуылда елдің қауіпсіздік қызметімен байланысы бар қатаң бағытты ұстанушылар ұйымдастырған болуы мүмкін деп санайды. Олар бұған дәлел ретінде, елшілікті күзетіп тұрған полицияны елең қылмастан оның аумағына өте оңай кіріп, тіпті оны қиратуға кіріскендердің өздерінің барлық іс-әрекеттерін жазып, тіркеп жүргенін атап айтады.

«Олардың жақсы ұйымдастырылғаны байқалады, танылып қаламыз деп қорықпастан елшіліктегі мүліктермен бірге суретке түскен» дейді Стамбулдағы иран журналисі Реза Хагхайнежад.

Бұл олар биліктің қолдауына сүйенгенін байқатады, себебі бұрын иран күштері оппозиция жиыны мен шерулеріне күш қолдану кезінде ешқашан аянып көрген емес дейді сарапшылар.

«Наразылық танытуға рұқсат етпейді. Сауд Арабиясы елшілігіне жасалған шабуыл, ол жерге полиция басшысы келгенше, бір жарым сағатқа созылды» деп жазды Хагхайнежад.

Билік бұған дейін де реформашылар мен үкіметті сынаушылар өткізген жиындардың шырқын бұзған қатаң бағытты ұстанушыларды тежей алмаған еді. IranWire жаңалықтар сайты редакциясы алқасының мүшесі Реза Хагхайнежад бұл жолғы шерушілердің іс-қимылын 2011 жылы Тегерандағы Ұлыбритания елшілігіне ойран салған Басиж тобының ерікті белсенділерінің әрекетіне ұқсатады. Сол оқиғадан соң Ұлыбритания Иранмен қатынасын үзген еді.

ИРСК МӘЛІМДЕМЕЛЕРІ

Бұрынғы мәдениет министрінің орынбасары Алиасгар Рамезанпур Азаттыққа елшілікке шабуылды ИРСК жасады деп санайтынын айтты. Оның пікірінше, бұған соның алдында сақшылар корпусының өшпенділікке толы мәлімдемелері жасағаны дәлел бола алады.

Қаңтардың 2-сі күнгі мәлімдемесінде ИРСК әл-Нимрдің қазасы «жеккөрінішті Сауд режимі» үшін қымбатқа түсетіні, «жақын арада аяусыз кек алынып, керітартпа, орта ғасырлық, терроршыларды қолдайтын сауд режимі күйрейтіні» айтылған болатын.

Елшілікке шабуылдан кейін ИРСК аға командирі Мохсен Каземейни корпустың бұл оқиғаға еш қатысы жоқ екенін айтып, оны «алдын ала есептелген және жоспарланған, өте қате және ақтауға болмайтын» іс-әрекеттер деп атаған. Тегеранның «Расулоллах» корпусын басқаратын Каземейни «біз бұл әрекетті діндарлар мен Хезболла күштері де жасамағанына сенімдіміз» дейді.

Бірақ Алиасгар Рамезанпур Мохсен Каземейнидің уәжіне сенбейді. «Тіпті ИРСК бұл іске тікелей араласпаған күннің өзінде, оның мәлімдемесі мен қатыгездікке толы пікіріне елірген күштер тіпті полицияны көзге ілмеді» дейді ол.

«ЖАНСЫЗДАРДЫҢ ӘРЕКЕТІ»

Қаңтардың 4-і күні Ком қаласында дін өкілі аятолла Макарем Ширази зорлық-зомбылықты сынаған сөзінде «билікті қолдаушылар тобы Сауд Арабиясының әрекеті мен саясатына наразы екенін, бірақ кейде олар шектен шығып кететінін» айтқан. Ол сонымен бірге елшілікке жасалған шабуылға күдікті тағы бір топ – «жансыздар» шииттер мен сунниттер арасын ушықтыруға тырысады деп мәлімдеді.

«Астыртын әрекет жасайтындар жат пиғылдағылар» жайлы болжам-долбарларды қатаң бағытты қолдайтын баспасөз құралдары да жариялап жатыр. Dana.ir сайты аты-жөнін атамаған қауіпсіздік өкілінің сөзіне сілтеме жасап, «алдын ала тергеуде куәгерлердің айтуынша, шерушілер ғимаратқа кіргенге дейін өрт шыққан» деп хабарлаған. Консервативтік ұстанымдағы тағы бір басылым – Tabnak.ir сайты куәгер сөзіне сілтеме жасап, «сауд арабиялық жансыздар шерушілердің елшілікке тас пен жанғыш заты бар бөтелке лақтыруына ықпал етті» деп жазған.

Сауд Арабиясы елшілігіне жасалған шабуылға Израильді айыпты санайтындар да бар. Қаңтардың 5-і күні баспасөз мәслихатында үкіметтің баспасөз-хатшысы Мохаммад Бахер Нобахт шабуылдағандар арасында «тіпті Израильге қатысы барлар болуы мүмкін» деген.

Елшілікке жасалған шабуыл туралы қаңтардың 6-сы күні айтқан сөзінде полиция басшысы генерал Хоссейн Аштари: «Сауд Арабиясына қарсы шеру өткізулері мүмкін, бірақ Ислам республикасына адал бірде-бір адам елшілікке бұлайша шабуылмайды» деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG