ГЕЛЬЗЕМИУМ
Гельземиум уын тек Азия құрлығында өсетін Gelsemium elegans аталатын сирек өсімдіктен жасайды. Ресей мен Қытайдағы тапсырыспен кісі өлтірушілер «қасірет шөбін» тамаққа қосып береді.
Александр Перепеличный
2009 жылы Ұлыбританиядан саяси баспана алған ресейлік олигарх Александр Перепеличный Мәскеудегі ресми тұлғалардың жемқорлық әрекеттеріне қатысты істі қазбалап жатқан Швейцария тергеушілеріне ақпарат беріп жүрген. Мұнымен қоса, ол Ресейдегі лауазымды тұлғалардың парақорлығын әшкерелеген заңгер Сергей Магнитскийдің Мәскеу түрмесіндегі өліміне билік өкілдерінің қатысы бар екенін дәлелдейтін айғақтарды да берген.
2012 жылы қарашада Лондон маңындағы Суррей аймағындағы үйінің жанында жүгіріп келе жатқан жерінен талып құлаған 44 жастағы Перепеличный көп ұзамай қайтыс болды. Соның алдында ғана ол әріптестеріне өзін әлдекімдердің «өлтіреміз» деп қорқытқанын айтқан.
Ол – Магнитский ісіне қатысы бар адамдардың ішінде жұмбақ жағдайда қаза тапқан төртінші кісі болса да, Суррей полициясы әу баста сезікті ештеңе байқамаған.
Марқұмның асқазанына жасалған сараптама нәтижелерінен күдіктенген британ құқық қорғаушылары тек былтыр мамырдың 18-і күні ғана қылмыстық іс қозғады. «Перепеличный аса уытты гельземиум шөбінен уланған» деген болжам жасалды.
Суррей соты Перепеличныйдың Ресейдегі ықпалды алаяқ топтың қылмысын ашуға қатысқаны үшін өлтірілуі мүмкін деген болжам жасады.
ПОЛОНИЙ-210
Полоний – уран құрамында кездесетін сирек элемент. Ол - бір демде өлтіретін аса қатерлі цианид сутекті қышқылынан 250 мың есе қуатты у.
Александр Литвиненко
Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бұрынғы офицері Александр Литвиненко 2000 жылы отбасымен Лондонға қашып, саяси баспана алған.
Ол 2006 жылғы қарашада Лондондағы суши-барда уланған. Аутопсия қорытындысы бойынша, оның ағзасынан полоний-210 уы табылған. Британияның радиация жөніндегі сарапшылары «Литвиненко – полоний радиациясынан уланған алғашқы адам» деген қорытынды жасады.
Өлер алдында ол «маған қастандық жасауға тапсырма берген – Путин» деген хат жазып қалдырған. Литвиненко «Ресей ФСБ-сы Путинді билікке әкелу үшін көппәтерлі үйлерде әдейі жарылыстар мен түрлі жалған шабуылдар ұйымдастырды» деп мәлімдеген. Ал Ресей басшылығы бұл айыпты жоққа шығарады.
Бұған қоса, ол Кремльді сынап жүрген журналист Анна Политковскаяны да «Путин өлтіртті» деп мәлімдеген еді. Политковская атып өлтірілген соң арада екі ай өтпестен Литвиненко да дүниеден озды.
ТАЛЛИЙ
Калий кені құрамында кездесетін бұл химиялық элемент ауыр металдарды өңдеу кезінде де бөлініп шығады. Уытсыз радиоизотопты таллий-201 медицинада ядролық сканерлеу кезінде пайдаланылады.
Ал аса улы таллий тұзы тышқандар, зиянкес жәндіктерді жоюға да қолданылады. Бір ерекшелігі - таллийден уланған кісінің алдымен шашы түседі. Оны кісі өлтіруге пайдаланатындар «удың мықтысы» атайды.
Николай Хохлов
Совет КГБ-сының тыңшысы болған Хохлов 1953 жылы АҚШ жағына өтіп, КГБ әрекеттері туралы ақпарат бере бастайды. 1957 жылы КГБ агентінің оны талиймен уламақ болған әрекеті сәтсіз аяқталып, ол Германияның Франкфурт қаласында емделіп, айығып шығады. Бұл – КГБ агенттерінің алғашқы «радиациялық шабуылы» болса керек.
КГБ-ның бұрынғы офицерлері Хохловты таллиймен емес, 2004 жылы Литвиненкоға қолданылған полониймен улады деп санайды. Ал Литвиненкоға керісінше полониймен емес, таллиймен уланған деген қате диагноз қойылған.
Юрий Щекочихин
Ресейдегі жемқорлық пен ұйымдасқан қылмыстық топтардың әлімжеттігі туралы әшкерелеуші материалдар жазумен айналысатын журналист әрі депутат Юрий Щекочихин 2003 жылы шілде айында, АҚШ-та осы елдің Федералдық тергеу ұйымы қызметкерлерімен жоспарлаған кездесуіне бірнеше күн қалғанда аллергиялық реакция белгілеріне ұқсайтын түсініксіз дерт меңдеп, қайтыс болады.
Ресей басшылығы «Щекочихин аллергиялық Лайелл синдромынан қаза тапты» деп хабарлады. Оның еміне және қайтыс болған соң жүргізілген тексерулерге қатысты материалдардың барлығы ФСБ қолында.
Кей сарапшылардың айтуынша, Щекочихиннің симптомдары Хохлов пен Литвиненконың ауру белгілеріне (радиация әсеріне – ред.) ұқсайды.
ТЕТРАХЛОРОДИБЕНЗОДИОКСИН(ТХДД) – «ДИОКСИН»
ТХДД – әдетте «диоксин» деп қате аталатын, иіссіз, түссіз, қалыпты температурада қатты күйде болатын зат. Оны АҚШ әскері Вьетнам соғысы кезінде қолданған «қызғылт-сары затқа» (Agent Orange) қосқан. Халықаралық ракты зерттеу агенттігі «ТХДД - адам ағзасында қатерлі ісік тудыратын зат» деген тұжырым жасаған.
Виктор Ющенко
Украина саясаткері Виктор Ющенко Ресей қолдаған үміткер Виктор Януковичке қарсы сайлауға түсіп жатқан 2004 жылдың соңында үлкен мөлшердегі ТХДД-дан уланған.
Зерттеуге қарағанда, оның ағзасындағы удың мөлшері бұрын-соңды тіркелген фактілердің ішінде екінші ірі көрсеткіш болған. Уланудың кесірінен оның беті біраз уақыт бұжырланып жүрді де, кейіннен баяу болса да қалпына келді.
Украинаны Еуропамен интеграциялап, НАТО-ның құрамына қосуды жақтайтын Ющенко бұл улаудың «жеке адамның әрекеті емес екенін» айтты әрі істі тергеуге кедергі келтірді деп Ресей басшылығын айыптады.
Сайлаудың ресми нәтижесі бойынша Янукович жеңіске жетіп, мұның соңы «қызғылт-сары революцияға» ұласты. Ақыр соңында Жоғарғы сот сайлауда заң көп бұрмаланған деп, қайта сайлау тағайындады. Қайта сайлауда Ющенко жеңіске жетті.
ЗАРИН МЕН ЖҮЙКЕНІ УЛАЙТЫН БАСҚА ДА ЗАТТАР
Зарин – иіссіз әрі түссіз, жүйке жүйесін улайтын сұйықтық. Одан уланған адамның тыныс алу бұлшықеттері істен шығып, тұншығып өледі. Ол ауаға таралуы мүмкін. Өйткені зарин сұйықтығы әп-сәтте газға айналады, оның буы ағзаға тері арқылы да сіңеді. Біріккен ұлттар ұйымы заринді жаппай қырып-жою қаруларының қатарына қосқан. Химиялық қарулар конвенциясына сәйкес заринді сақтауға тыйым салынған.
Ибн әл-Хаттаб
ФСБ 2002 жылы Солтүстік Кавказ аймағында шешендердің жағында соғысып жүрген саудиялық содыр ибн әл-Хаттабты өлтіргендерін хабарлады. Хаттаб - 1990 жылдары және 2000-жылдардың басында Шешенстандағы қарулы қақтығыстарға қатысқан терроршы.
Хаттабтың туыстары мен басқа да шешен дереккөздері ол «жылдам әсер ететін зарин сипатты зат салынған хат алып уланды» деген тұжырым айтты. Ресей баспасөзі «хатты Дағыстанның екі жаққа да жұмыс істейтін агенті ФСБ тапсырмасымен әкеп берген» деп хабарлады.
РИЦИН «ТІКЕНІ»
Рицин – Ricinus communis (үпілмәлік) өсімдігінен алынатын улы зат. Оның сегіз дәнін езгенде алынатын қоймалжың бір ересек кісіні улауға жеткілікті. Дегенмен табиғи қалпында одан уланатындар сирек, себебі оның дәні адам ағзасы қорытпайтын қабықпен қапталған.
Рицинді иіскесе, инъекция күйінде енгізсе немесе ол басқа бір жолдармен қанға түссе ағзаға қауіпті. Таза ұнтақ күйіндегі рициннің бір шөкімінде бір кісіні улайтын уыт болады.
Совет Одағында рицинді қару ретінде пайдаланған. Қырғиқабақ соғыс кезінде Варшава шарты ұйымын сатып кеткендердің көзін жою мақсатында рицинді кем дегенде үш мәрте қолданған.
Георгий Марков
1978 жылы қыркүйекте Лондонда болгариялық диссидент журналист Георгий Марковқа қолшатырмен қастандық жасалды. Бұл – рицинді ең «сәтті пайдалану» оқиғасы.
BBC мен «Азат Еуропа» радиосында жұмыс істеп жүрген Марковтың аяғына рицин уы салынған иненің жасуындай «тікен» кіріп, ол төрт күннен соң уланып қайтыс болды.
Британиялық тергеушілердің айтуынша, қаскөй Лондондағы Ватерлоо көпірінде автобус күтіп тұрған Марковқа қолшатырдың ұшына жасырылған қарудан «тікенді» атып жіберген.
Владимир Костов
Бұл оқиғадан он күн бұрын «Азат Еуропа» радиосында жұмыс істеп жүрген және бір болгариялық «сатқын» Владимир Костовқа да осындай қастандық жасалған.
1978 жылы тамыз айында Париждегі метро бекетінде кетіп бара жатқан оның арқасына дәл сондай рицин салынған ине қадалған. Дегенмен, қанына рицин аз түскендіктен, Костов аман қалады.
Борис Корчак
1981 жылы тамызда АҚШ-тың Орталық барлау басқармасына жұмыс істейтін Борис Корчак Вирджиниядағы дүкенде азық-түлік алып жүргенде рицин толы осындай ине оның бүйрегіне қадалады. Шабуылдан аман қалған ол қастандықты совет тыңшылары ұйымдастырды дейді.
БЕЙМӘЛІМ УЛАР
Хафизулла Амин
1979 жылы Совет Одағын жақтайтын басшы Нур Мохаммад Таракиді орнынан кетіріп, үш ай Ауғанстанды басқарған Хафизулла Аминді өлтіру мақсатында беймәлім у қолданылған.
Совет Одағы Аминді АҚШ тыңшысы санаған. Ауғанстанның президент сарайында аспаз болып жұмыс істеген КГБ агенті 1979 жылы желтоқсанның 13-і күні Аминге у беруді жоспарлайды. Күдіктенген ауған президенті тамағы мен сусынын күйеу баласынікімен алмастырып қояды. Өзі аман қалып, күйеу баласы қатты ауырып, Мәскеудегі ауруханаға жөнелтіледі.
Екі аптадан соң Совет армиясы Кабулдағы Тажбег сарайына басып кіріп, Аминді қастандықпен өлтіреді де, оның орнына советшіл Бабрак Кармалды қояды.
Анна Политковская
Кремльдің саясатын қатты сынап, адам құқықтарын қорғап жүрген журналист Анна Политковская 2004 жылғы қыркүйекте Бесландағы мектепті басып алған оқиға туралы материал жазу мақсатында Мәскеуден оңтүстікке ұшып келе жатқан «Аэрофлот» ұшағында шай ішкен соң қатты ауырады.
Мұнан соң Политковская өзіне Ресей ФСБ-сы қастандық жасамақ болғанын мәлімдеді. Ақпарат құралдары «қаскөйлер Совет Одағының у дайындау жүйесінің белгісіз препаратын пайдаланды» деген болжам жасады.
Анна Политковская бұл қастандықтан аман қалады. Алайда екі жылдан соң оны Мәскеудегі өзі тұратын үйдің лифтінде белгісіз біреулер атып кетті.
Рон Синовицтің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.