Accessibility links

ЕҚЫҰ сотталған белсенділер жөнінде айтты


ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович. 26 наурыз 2015 жыл.
ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович. 26 наурыз 2015 жыл.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович қазақстандық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталиннің сотталуын "сөз бостандығының шектелуінің кезекті көрінісі" деп бағалады.

Қаңтардың 22-сі күні "Алауыздық тудырды" деп айыпталған азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин 3 және 2 жылға сотталған. Белсенділер әлеуметтік желіде авторы Мұрат Телібеков делінетін кітаптан үзінді келтіргені үшін айыпты болған. Олар қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағы ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру") бойынша жауапқа тартылған.

Миятович бұл әрекетті «сыни көзқарасты жоюға жасалған қадам» деп бағалап, Қазақстандағы сөз бостандығына алаңдаушылығын білдірді.

Қазақстанда жуықта блогерлер Игорь Сычев пен Ермек Тайшыбековтер де әлеуметтік желідегі жазбалары үшін сотталды. Азаматтық белсенді Болатбек Біләлов үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Бұған қоса журналистер Гузяль Байдалинова мен Юлия Козловаға қатысты іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Дуня Миятовичтің пікірінше, демократиялық қоғамда «қандай мәселе болса да айтылуы, қорғалуы тиіс».

XS
SM
MD
LG