Accessibility links

Белсенділер декларация толтырудың қиындығын айтады


Атырау облыстық мәслихаты сайлауына түспек болған құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева.
Атырау облыстық мәслихаты сайлауына түспек болған құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева.

Мәслихат депутаттығына үміткерлікке тіркеле алмай қалған азаматтар табыс декларациясын толтырған кезде сүрінген. Ал декларацияны тапсыра алғандар сайлау комиссияларының кеңшілігіне разы.

Атырау облыстық мәслихатына 3-сайлау округінен дауысқа түспек болған құқық қорғаушы, «Заман» қоғамдық қоры жетекшісі Әсел Нұрғазиева табыс декларациясын дұрыс толтырмағаны үшін кандидаттықтан сызылып қалғанын айтады.

- Екінші деңгейлі бір банктің маған берген анықтамасында ешқандай есеп-шотым жоқ болатын. Салық орындары тексере келгенде ол банкте менің 40 теңгем бар болып шықты. Зейнетақы қорымда да осындай болмашы қаржы айырмашылығы шықты. Осыны желеу етіп, округтік сайлау комиссиясы сайлау додасынан алып тастады. Енді сотқа жүгінемін, - ­дейді ол.

Декларация толтырудың қиындығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:07 0:00
Жүктеп алу

«ЕСЕПШОТЫМ ЖОҚ 28 БАНКТЕН ДЕ АНЫҚТАМА АЛДЫМ»

Мәслихат сайлауына үміткерлікке тіркеле алмай қалған соң сотқа жүгінгенін айтқан белсендінің бірі – астаналық Арнұр Ысқақов. Бірақ ол «сотта декларацияға қатысты шағыммен жеңіске жету мүмкін емесін түсінген».

Салық мекемесі қызметкерлерден қайта-қайта сұрап, солардың айтқаны бойынша толтырдық. Кейін онымыз қате болып шықты. Сотта дұрыс толтырмауға қызметкер кінәлі емес болып шықты.
Арнұр Ысқақов.

- Салық мекемесі қызметкерлерден қайта-қайта сұрап, солардың айтқаны бойынша толтырдық. Кейін онымыз қате болып шықты. Сотта дұрыс толтырмауға қызметкер кінәлі емес болып шықты, – дейді Арнұр Ысқақов.

Мәслихат сайлауына қатысудан үміткерлердің арасында табыс декларациясын толтырған кезде бірден сотты ойлаушылар да бар. Сондай азаматтардың бірі, астаналық кәсіпкер Серік Түсіпов «сайлау додасынан шығарып тастаса, сотта керек болар» деген оймен Астанадағы банктердің 28-іне барып, есепшоты жоқ болса да олардан бірнеше мәрте анықтама алған. Ол халыққа қызмет көрсету орталығына барып, 10 жыл бұрын сатып жіберген көліктерін де өз атынан шығартқан.

- Ал зейнетақы қорынан заңда көрсетілген мерзім – 1 қаңтар бойынша мәлімет сұратқанмын. Олар 2 қаңтармен шығарып беріпті. Кейін қайтадан барып, 1 қаңтардағы жағдайға алдыртқан едім, бір күннің айырмасына 80 теңге шықты. Оны түзеттім. Бұрын несие алған едім. Соның 15 тиынын артық төлеппін, оны да жасырмай көрсеттім, – дейді Серік Түсіпов.

«САЙЛАНУҒА ЕМЕС, ТАҢДАЛУҒА КЕРЕК»

Мәслихат сайлауы додасынан шығып қалған астаналық Аида Жексенова табыс декларациясын және басқа да құжаттарды дұрыс толтыру үшін нақты ақпарат табу қиын екенін айтады.

Мәслихат сайлауынан шеттетілген астаналық Аида Жексенова. Астана, 10 наурыз 2016 жыл.
Мәслихат сайлауынан шеттетілген астаналық Аида Жексенова. Астана, 10 наурыз 2016 жыл.

Ол сайлау округінің комиссия мүшелерінен кеңес сұраған – «бірақ дені мұғалімдер мен дәрігерлерден құралатын комиссия мүшелері сайлау заңнамаларын жақсы білмейтін болып шыққан».

Тұрғындарға заң жөнінде кеңес беретін «Құқықтық бастама» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Тәжібаевтың сөзінше, мұның басқа да себебі бар.

- Декларация толтыру ісі белсенділерді сайлануға емес, таңдалуға қолданып жатыр. Округтік сайлау комиссиялары кандидаттарға декларацияларында қызметкерлер қателігінен болған болмашы айырмашылықты түзетуге мүмкіндік берулері тиіс, – дейді Болат Тәжібаев.

Бірақ ЖСДП партиясының Астана бөлімшесінің жетекшісі Асхат Рахымжанов сайлау комиссияларының ондай мүмкіндік береріне күмәнданады.

- Жергілікті сайлау комиссиялары негізінен билік партиясы арқылы құралғандықтан, ондай жақсылыққа бармайды, – дейді Асхат Рахымжанов.

Округтік сайлау комиссиясы халыққа қызмет көрсету орталығы мен салық орындары берген анықтамада қаржылық алшақтық бар екенін ескертіп, оны түзетіп келуіме мүмкіндік берді.
Мақсат Мәліков.

Алайда Алматы облысы Қарасай аудандық 13-сайлау округінен үміткер Мақсат Мәліков бұл пікірмен келіспейді. «Округтік сайлау комиссиясы халыққа қызмет көрсету орталығы мен салық орындары берген анықтамада қаржылық алшақтық бар екенін ескертіп, оны түзетіп келуіме мүмкіндік берді» дейді ол.

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 11 наурызда таратқан мәлімет бойынша, Қазақстанда жергілікті мәслихат депутаттығына кандидат болғысы келген үміткерлердің 300-і салық декларациясындағы сәйкессіздік кесірінен тіркеле алмай қалған.

Мәслихатқа кезектен тыс депутаттарды сайлау наурыздың 20-сы күні Қазақстан парламенті мәжілісі сайлауымен қатар өтеді. ОСК ақпараты бойынша, мәслихаттарға ел бойынша 3335 депутат (облыстық мәслихаттарға – 550 адам, қалалық мәслихаттарға – 625 адам, аудандық мәслихаттарға 2160 адам) сайланады.

XS
SM
MD
LG