Алмалы аудандық соты оппозициялық Nakanune.kz сайты редакторы Гузяль Байдалинованың қамау мерзімін тағы бір айға ұзартты. Ол «Қазкоммерцбанктің» аты аталатын мақалаларда көпе-көрінеу жалған ақпарат таратуы мүмкін деген болжаммен қозғалған іс бойынша желтоқсанның 23-інен бері күдікті ретінде қамауда отыр.
Байдалинованың әріптестері мен адвокаты қамау мерзімін ұзартуы мүмкін деген болжаммен оқиғаның бұлай өрбуін күткен. Наурыздың 16-сы күні Алматыдағы ұлттық баспасөз клубында Байдалинованың адвокаты Инесса Кисилёва мен Nakanune.kz сайты журналисі Оксана Макушина іске қатысты баспасөз жиынын өткізген. Ол кезде Инесса Киселёва бұл іс бойынша Байдалиноваға да, өзге айыпталушыларға да айып тағылмағанымен, клиентін қамауда қалдыратын шығар деп болжаған.
Кисилёваның мәлімдеуінше, қаңтардың ортасынан бастап Байдалиноваға қатысты ешқандай тергеу амалдары жүргізілмеген. Бірақ Кисилёва тергеу органдарының бір жарым жыл бойы тергеу амалдарын жүргізуге құқы барын ескертіп, теориялық тұрғыдан алғанда, Гузяль Байдалинованы осы мерзім бойы қамауда ұстауы мүмкін екенін айтқан.
Макушина мен Кисилёва «Қазкоммерцбанктің» іскерлік беделіне нұқсан келтірді делінген 54 мақаланың 50 шақтысы Nakanune.kz сайты емес, Гузяль Байдалинованың «ешқандай қатысы жоқ» оппозициялық «Республика» сайтында жарияланғанына назар аударған. Бұдан бөлек, баспасөз жиынын ұйымдастырушылар «бұл істің түпкі мақсаты – «Республика» сайтының саяси эмиграцияға кеткен шеф-редакторы Ирина Петрушеваны қудалау, ал Гузяль Байдалинова – оған қол жеткізудің амалы ғана» деп мәлімделген баспасөз хабарламасын да таратқан.
– Біз Гузяльды кепіл ретінде ұстап отыр деп санаймыз, – деп мәлімдеген Оксана Макушина.
«ТЕРГЕУ ҚҰПИЯСЫ»
Гузяль Байдалинованың ісін жүргізетін Алматы ішкі істер департаментінің тергеушісі Алексей Чапурин Азаттыққа комментарий беруден бас тартты.
– Тергеу құпиясы деген талап бар, сондықтан сұрақтарыңызға жауап бере алмаймын, – деді ол.
Биыл қаңтарда «Қазкоммерцбанк» өкілдері «Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының сауалына жолдаған жауабында әлдебір нақты журналистерден кек алуды көздемейтінін мәлімдеген. Олар мемлекеттік органдарға «жала жабу әрі арандату сипатындағы мақалаларға аты-жөні банкке белгісіз тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушыларды іздеп тауып, олардың әрекетін тыю үшін «ғана» (банк осылай көрсеткен. – Ред.) жүгінген.
«Қазкоммерцбанктің» жұртшылықпен байланыс департаменті директоры Лариса Коковинец қол қойған хатта: «Мақалаларды жазуды ұйымдастыруға қатысы бар мына және өзге тұлғалардың қандай жауапкершілікке тартылатын қылмыстық іс аясында құқық қорғау органдары мен сот шешеді. Бірақ банктің сот шешімімен белгіленетін жазадан қатал жаза талап ету ниеті жоқ» деп жазылған.
«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымы басшысы Тамара Калеева хатта баяндалған позиция Гузяль Байдалинованың ісіне «Қазкоммерцбанктің» ықпал ету мүмкіндігі жоқ екенін дәлелдейді деп санайды.
БОСАТУҒА ШАҚЫРУ
Гузяль Байдалинованың ісі Еуропарламенттің 10 наурызда қабылданған қарарында да қамтылған. Қазақстанда журналистерді қудалауды тоқтатуға шақырған, тәуелсіз әрі билікті сынайтын БАҚ-тарды қудалауды айыптаған құжатқа Еуропарламенттің 156 депутаты мен жеті фракциясы қол қойған.
«Адам құқығы хартиясы» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Жеміс Тұрмағамбетованың пікірінше, Гузяль Байдалинованы үш айға жуық қамауда «негізсіз» ұстау – азаптаудың моральдық-психологиялық түрі. Ол бұл пікірін наурыздың 18-інде «Азаптау мен қатігездік құрбандарын азаматтық-құқықтық қорғау құралдары» конференциясы аясында жариялады.
Гузяль Байдалинова Nakanune.kz сайтында «тапсырыспен» жазылған мақалаларға қатысы бар деген күдікпен былтыр 23 желтоқсанда ұсталған. Оған дейін, мамырда Алматының Медеу аудандық соты «Қазкоммерцбанктің» банк беделіне нұқсан келтірді деп бағалаған талап-арызы бойынша Байдалинованы 20 миллион теңге төлеуге міндеттеген.
Байдалинованың ісін қарайтын сот отырысы басталатын күн әлі белгісіз.