Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск Брюссельдегі саммитте Еуропа Одағы мен Түркия мигранттар жөніндегі келісімге келгені туралы ақпаратты растады.
Бұған дейін Еуроодақ пен Түркия Еуропадағы мигранттар дағдарысы проблемасын шешуге қатысты келісімге келгені жайлы Twitter әлеуметтік желісінде Финляндия премьер-министрі Юха Сипиля мен Чехия премьер-министрі Богуслав Соботка хабарлаған.
«Түркиямен келісімге қол жетті. 20 наурыздан бастап Грекияға заңсыз жолмен келген барлық мигранттар Түркияға жіберілетін болады» деп жазды Соботка.
Оның сөзінше, Брюссельде жасалған келісім Еуропаға заңсыз мигранттар келетін негізгі жолды (Түркия-Грекия-Балкан арқылы өтетін) жабуға мүмкіндік береді. Және бұл Еуропа Одағына шекара күзетін нығайту үшін уақыт ұтуға септеседі.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Еуропа Одағы Грекиядан шығарылған әрбір заңсыз мигранттың орнына Түркияның тікелей өзінен бір мигрантты қабылдайтын болады. Осы бағдарлама бойынша Еуропа Одағы заңды жолмен 72 мың мигрант қабылдайды деп белгіленген. Ал егер Еуропаға барып жатқан заңсыз мигранттар саны бұл көрсеткіштен асып кетсе, онда Еуропа Одағы мен Түркия жаңа келісім туралы келіссөздер жүргізуге келіскен.
Қазіргі кезде Түркияда Сирия мен Ирактан барған 3 миллионнан аса босқын бар.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Австрия мен Балкан мемлекеттері өз шекараларын жауып, босқындарды өткізуден бас тартқан соң Грекия аумағында 46 мыңға жуық заңсыз мигрант қалып отыр.