Accessibility links

Сот Мәмбеталин мен Нарымбаевты қамаудан босатты


Азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин сотта тұр. Алматы, 5 қаңтар 2016 жыл.
Азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин сотта тұр. Алматы, 5 қаңтар 2016 жыл.

Алматы қалалық сотында бүгін алауыздық тудырды деген айыппен сотталған азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталиннің апелляциялық шағымы бойынша сот үкімі жарияланды. Апелляциялық алқа соты Мәмбеталинді бір жылға бас бостандығын шектеп, үш жылға қоғамдық қызметен айналысуға тыйым салды. Мәмбеталинді алғашқы сот инстанциясы екі жылға соттаған еді.

Үш жылға бас бостандығынан айырылып, бес жылға қандай да бір қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салынған Нарымбаевтың жазасы да жеңілдетілді. Апелляциялық сот Нарымбаевты үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын үш жылға бас бостандығын шектеумен ауыстырды. Белсендіге бес жылға дейін қоғамдық қызметпен айналысуға салынған тыйым өзгермеді. Нарымбаев пен Мәмбеталин де сот залынан босатылды.

Бүгінгі сотта сотқа келген журналистер мен басқа да белсенділерді монитор қойылған бөлек акт залына кіргізді. Олар сот барысын осы монитор арқылы бақылап отырды.

Кеше сотта сөйлеген Нарымбаев кінәсін мойындамайтынын мәлімдеп, қылмыстық істі жауып, өзін сот залында босатуды талап еткен. Сотқа өз еркімен келіп, еркін кеткен Мәмбеталин кінәсін мойындаған. Ал үйқамақтағы Нарымбаев сот залына күзетпен келіп, үйіне күзетпен әкетілген. Мәмбеталин апелляциялық шағым түсірген кезеңде қамаудан уақытша босатылған. Нарымбаев апелляциялық сотқа дейін үйқамақта болған.

29 наурызда өткен сотта прокурор Мәмбеталиннің жазасын екі жылға бас бостандығын шектеп, үш жылға қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салу түрінде жеңілдетуді, кінәсін мойындамаған Нарымбаевтың жазасын өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

Мәмбеталин мен Нарымбаев 22 қаңтарда "алауыздық тудырды" деген баппен екі және үш жылға сотталған еді. Оларға қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша ("әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни алауыздық тудыру") айып тағылған еді. Белсенділер интернетте тараған "Ветер с улицы" кітабынан Facebook парақшаларында үзінді жариялау арқылы "қазақ халқының ар-намысын қорлады" деп танылған. Екі белсенді әуелі бұл айыпты мойындамай, кейін "шын өкініп кешірім" сұраған соң уақытша қамаудан босатылған.

XS
SM
MD
LG