Accessibility links

Techno Trading жұмысшылары аз уақыт жұмысты тоқтатты


Жетібай кенішіндегі цех алдында өткен Techno Trading компаниясы жұмысшыларының наразылығы. Ақтау, 4 наурыз 2016 жыл.
Жетібай кенішіндегі цех алдында өткен Techno Trading компаниясы жұмысшыларының наразылығы. Ақтау, 4 наурыз 2016 жыл.

Бүгін таңертең Ақтауда Techno Trading компаниясының электр жабдықтарын жөндеу цехының жұмысшылары компания басшылығы тарапынан көрсетіліп отырған "қысым мен жұмыс уақытын қысқартуға" наразылық білдіріп, жұмысты жарты сағатқа тоқтатты. Олар компания «қысқартылған жұмыс уақыты» деп атағанымен іс жүзінде өздерін ақысыз еңбек демалысына жіберіп отыр деп санайтындарын мәлімдеді.

Осы мекемеде бірнеше жыл электр машиналары элементтерін ораушы болып жұмыс істейтін Бияш Қадырованың Азаттыққа айтуынша, компанияның жұмыс уақытын қысқартатындай жайы жоқ, цехта жұмыс көп.

- Бізге міне, 22 килограмнан асатын қозғалтқыштарды жөндеуге әкеп жатыр, бірақ оған адам жетіспейді. Жұмыс бастан асады. Қалған жұмысшылар оны қанша тырысқанымызбен жөндеп бітуге үлгермейміз, - деді ол телефон арқылы.

Оның айтуынша, өздеріне «барлық цехтар қол қойды» деп "алдап жұмыс уақыты қысқаратыны туралы хабарламаға қол қойғызған". Бияш Қадырова цехта бұл хабарламамен келіспегендердің мүлдем жұмыстан шығарылатыны айтылып, басшылар өздерін қорқытып отырғанын жеткізді. Бияш Қадырованың сөзінше, биылғы қаңтар айында да өздерін «екі апталық ақысыз еңбекке» жіберген, бірақ бір ай бойы жұмыссыз болған. Айтуынша, компания ол кезде жұмысшыларға "тендер жоқ" деген уәж келтірген.

Techno Trading LTD компаниясының ішкі қауіпсіздік бөлімінің бастығы Нұрсәуле Боранова жұмысшылардың жұмысты тоқтатуын теріске шығарды. Оның айтуынша, жұмыс орнына барып сөйлескен соң жұмысшылар жұмыс орындарына оралған.

- Қолданып жатқан толық емес жұмыс күні дегенді әркім әр түрлі түсінеді. Алдын ала хабарлама берілді, - деді ол. Өзінің жұмыс беруші емес екенін ескерткен Боранова «мен тек сіз қойған сұраққа жауап беріп отырмын» деп қалған мәселені жазбаша сұрауды талап етті.

Techno Trading LTD компаниясының электр жабдықтарын жөндеу цехы Ақтау қаласының іргесіндегі Қызылтөбе ауылында орналасқан. Онда ауысыммен 26 адам еңбек етеді. Цех жұмысшылары Маңғыстау облысындағы «Маңғыстаумұнайгаз», «Бұрғылау» компанияларының Қаламқас пен Жетібай кеніштеріндегі ұңғымалардың қозғалтқыштарын жөндеумен айналысады. Компания құрамындағы алты цехта жалпы саны 700-дей адам жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG