Accessibility links

Ресей спортшыларын «ақтап алуға» жанталасып жатыр


Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен спорт министрі Виталий Мутко. Сочи, олимпиада ойындары, 16 ақпан 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен спорт министрі Виталий Мутко. Сочи, олимпиада ойындары, 16 ақпан 2014 жыл.

Рио олимпиадасына бірнеше ай ғана уақыт қалды. Ал Ресей допинг дауы кесірінен жарыстан шеттетілген спортшыларын жазғы олимпиада ойындарына қатыстыру үшін халықаралық мекемелер шешімін өзгертуге тырысып жатыр.

Ресейдің ең мықты деген спортшыларының күш қосатын дәрі ішкендері, әрі биліктегілердің мұны білсе де білмегенсіп келгені жайлы ақпарат жер-жаһанға тарағалы әлемдік спортта Мәскеу беделі түсіп кеткені белгілі.

Рио-де-Жанейрода өтетін Жазғы олимпиада ойындары жақындаған сайын Ресей төгілген абыройын қалыпқа келтіруге бар күшін салып жатыр.

Ресей шенеуніктері Дүниежүзілік антидопинг агенттігінің (World Anti-Doping Agency- WADA) екі сарапшысының Мәскеуде тұрақты түрде қызмет етіп, Ресей антидопинг мекемесінің қайта іске кірісу процесін жіті қадағалайтынын сәуірдің 20-сы күні хабарлады.

Мұнда Ресейдің допинг қолданды деген күдікке ілінген жеңіл атлеттерін тезірек «ақтап», тамызда Рио-де-Жанейро олимпиадасына қатыстыруға жанталасып жатқаны байқалады. WADA баспасөз хатшысы Бен Николс Азаттыққа берген сұхбатында:

- [WADA] өкілдері Ресейдегі анти-допинг процесінің сыртқы ықпалдан, яғни үкімет ықпалынан тәуелсіз жүретініне көз жеткізу үшін барады, - деді.

WADA «ҮКІМІ»

WADA-ның тәуелсіз комиссиясы былтыр қарашаның 9-ы күні «Ресей спортшылары жүйелі түрде, жаппай әрі мемлекет қолдауымен допинг қолданып келген» деген қорытынды шығарған.

Содан кейін Ресейдің РУСАДА антидопинг агенттігі сертификатынан айырылып, оның лабораториясы талапқа сай емес деп танылған.

Осы қорытынды нәтижесіне сүйенген Жеңіл атлетика федерацияларының халықаралық қауымдастығы (IAAF) Ресей жеңіл атлеттерінің халықаралық жарыстарға қатысуына тыйым салды.

Ресей басшылығы IAAF шешімін сынап, тамыздың 5-і басталатын олимпиадаға дейін салынған тыйымдарды алғызып тастауға уәде берген.

IAAF президенті Себастьян Коу (Sebastian Coe) «Ресейдің антидопинг бағдарламасы бойынша жетістіктері келер айда өтетін мәжілісте талқыланып, бұл ел спортшыларының ойынға қатысу-қатыспауы сонда анықталады» деп мәлімдеді.

Ресейлік теннисші Мария Шарапованың баспасөз мәжілісінде допинг тестінен өтпей қалғанын, Australian Open жарысына қатыспайтынын хабарлап отырған сәті. March 7.
Ресейлік теннисші Мария Шарапованың баспасөз мәжілісінде допинг тестінен өтпей қалғанын, Australian Open жарысына қатыспайтынын хабарлап отырған сәті. March 7.

WADA қорытындысы жарияланғалы Ресейдің нысана көздеуден бастап хоккейге дейінгі спорт түрлері бойынша атлеттері антидопинг тексерісінен өте алмағандары үшін жарыстардан уақытша шеттетілді, кейбірінің тіпті олимпиада медальдары қайтарып алынды. Көбі қан айналымын жақсартатын мельдоний дәрісін ішкен деген күдікке ілінді. Айып тағылғандар ішінде әлемге танымал теннисші Мария Шарапова да бар.

Ресей басшылығы WADA мен IAAF сынымен келіспегенімен, олардың допингке қатысты тексеру процедураларын өзгерту, РУСАДА ұйымын қайта құру туралы ұсыныстарына көнуге мәжбүр болды.

WADA-ның екі бақылаушысының Мәскеуге жіберілетініне қатысты пікір білдірген Николс «Іс біз ойлағаннан баяу жүріп жатыр... бірақ біз дұрыс бағытта әрекет етіп жатырмыз» деді.

Николстың айтуынша, WADA мен Ресейдің спорт саласы басшылары сәуірдің 26-сы және 27-сі күндері сәуірде Мәскеуде кездесіп, келісімнің жай-жапсарын тағы пысықтайды.

ЖУАСЫҒАН МУТКО

Ресей спорт министрінің антидопинг мәселелері жөніндегі кеңесшісі Наталья Желанова сәуірдің 20-сы күні Азаттыққа:

- Біз РУСАДА-да бір не екі жыл тұрақты негізде жұмыс істеуге келетін WADA-ның екі сарапшысын күтіп отырмыз, - деді.

Оның айтуынша, бұл сарапшылар «Ресей антидопинг жүйесінің транспаренттілігінің кепілі болмақ».

Ресей спорт министрі Виталий Мутко «Ресейдің қажетті реформаларды толық жүзеге асырып жатқанын» және «көзбояушылықты түбірімен жою үшін WADA әрекеттерін 100 пайыз қолдап отырғанын» мәлімдеді.

Бұл сөзінен Мутконың жуасып қалғанын аңғару қиын емес. Әу баста Ресейдің антидопинг жүйесін қорғап, спортшылардың дәрі ішкеніне «мемлекеттің қатысы жоқ» екенін айтқан, халықаралық спорт және антидопинг ұйымдарын Ресейге қатысты «сыңаржақ саясат» ұстанып отыр деп айыптаған осы министр Мутко болатын.

Ол – Ресей президенті Владимир Путиннің Санкт-Петербургті басқарғаннан бері қасына еріп келе жатқан серігі. Тексеру комиссиясы төрағасы Дик Паунд «Ресей спортшыларының допинг қолдануына қатысы бар адам» деп Виталий Мутконы атаған. «Оның жаппай дәрі ішуді байқамай қалуы мүмкін емес» деген еді сарапшы.

Былтыр қарашаның 9-ы күні, WADA қорытынды есебі жарық көргеннен кейін Мутко «Әйтеуір біздің істегеніміздің бәрі дұрыс емес болып шығады» деп кейіген еді.

РЕСЕЙ УӘДЕСІ

Ресейдің антидопинг жүйесінде бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Наталья Желанова «Ресейдегі спорт саласының таза әрі әділ екенін дәлелдеу үшін шұғыл әрекет етіп жатырмыз» деді.

Оның айтуынша, «Ресей басшылары халықаралық қауымдастық сеніміне ие болу керек екенін түсінеді», сондықтан олар «РУСАДА-ның жыл соңына дейін қайта аккредитациядан өтуіне күш салмақ».

РУСАДА сертификатынан айырылғандықтан, ақпан айынан бері Ресейдегі спортшылардың барлығы Ұлыбританияның UKAD антидопинг агенттігінде тексеруден өтіп келеді. Сәуірдің 15-і күні Мәскеудегі допинг тексеру лабораториясының аккредитациясы күшін жойды.

IAAF президенті Себастьян Коу.
IAAF президенті Себастьян Коу.

WADA басшылығы бұл лабораторияны «тексеру тобы келер алдында 1400 анализ үлгісін қасақана жойып жіберді» деп айыптаған еді.

BBC-дің хабарлауынша, Ресей басшылығы Рио олимпиадасына қатысатын атлеттерді кемінде үш тәуелсіз агенттіктің допинг тексеруінен өткізуге уәде берген. Алайда Ресейдің халықаралық қауымдастықты сендірмек болған бұл әрекеттері жеткіліксіз болуы мүмкін.

«ӘЛІ ҰЗАҚ УАҚЫТ КЕРЕК»

Мельдоний дәрісін қолданды деп айыпталған спортшылар саны жөнінен Ресей көш бастап тұр. Дегенмен президент Путин «бұл дәрінің допингке еш қатысы жоқ» деген пікір айтады.

IAAF басшысы Коу наурыз айында «Ресей біраз жетістікке жеткенімен, спортшыларының жарыстарға қатысуына салынған тыйымды алып тастау үшін әлі ұзақ уақыт қажет болады» деп мәлімдеді.

Ресей спортшыларының соңғы жылдардағы допинг қолдану әрекеттеріне қатысты деректі фильм әзірлеген германиялық ARD телеарнасы сәуірде берген хабарында «Ресейдің антидопинг бағдарламасын реформалау жолында жеткен жетістіктері аз» екенін айтты.

Телеарна дерегіне қарағанда, допинг дауы бойынша ресми түрде жұмыстан шеттетілген жаттықтырушылар қызметтерін әлі жалғастырып жатыр, ал «ресми басшылар тексерудің қашан болатынын спортшыларға алдын ала ескертіп отырады».

Пит Баумгартнердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG