Қазақстан журналистер одағы (ҚЖО) бүгін журналистика саласында тағайындаған сыйлықтың 2016 жылғы иегерлерін марапаттады. Биыл сыйлық сегіз журналиске, оның ішінде Азаттықтың екі тілшісі Қасым Аманжол мен Вячеслав Половинкоға берілген. Сыйлықты ҚЖО төрағасының міндетін уақытша атқарушы Тамара Калеева мен журналист Ермұрат Бәпи тапсырды.
Журналистер одағы сыйлықты 10 номинация бойынша берген. Қасым Аманжолға сыйлық Қазақстандағы жер реформасына қатысты өзекті сұхбаттары үшін "Саяси шолу" номинациясы бойынша, Вячеслав Половинкоға "Новая газета - Казахстан" басылымындағы Ақтөбедегі антитеррорлық операцияларға қатысты материалдары үшін "Журналистік зерттеу" номинациясы бойынша берілген.
Сыйлықтар "Репортерлік жұмыс", "Экономикалық шолу", "Ізденіс материалы", "Телевизиялық жұмыс", "Фотожұмыс" номинациясы бойынша берілген.
ҚЖО сонымен қатар сыйлықты "БАҚ дизайны", "Интернет-жоба" номинациялары бойынша да тағайындаған. Одақ "Интернет-жоба" номинациясы бойынша сыйлықты Facebook-тің негізін салған Марк Цукербергке берген.