Қырғызстан Жоғары сотында басталған қоғамдық белсенді және журналист Азимжан Асқаровтың аппеляциялық шағымына қатысты сот отырысы 12 шілдеде жалғасады.
Азаттықтың қырғыз қызметінің хабарлауынша, бүгін Бішкекте басталған сотқа Асқаровтың өзі келген жоқ. Оның адвокаты Нұрбек Тохтахунов Азаттық тілшілеріне Асқаров түрмеде өзіне қысым жасалғанына шағымданғанын айтты.
Осыған дейін БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитеті Қырғызстан билігінен Асқаровты ақтап, түрмеден босатуды талап еткен. Осыдан кейін Асқаров пен оның адвокаттары Жоғары сотқа шағым түсіріп, істі қайта қарауды сұраған.
Ұлты өзбек Қырғызстан азаматы Азимжан Асқаров 2010 жылы маусымда Қырғызстанның оңтүстігінде Ош облысында этникалық өзбектер мен қырғыздар арасында болған қақтығысты ұйымдастырды деген айыппен өмір бойына түрме жазасына кесілген. Ол бұған қоса қақтығыс кезінде мерт болған полиция қызметкерінің қазасына да қатысы бар деп айыпталған.