Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевты қорғау комитеті Матаевтың үйқамақта заңсыз ұсталып отырғанын мәлімдеді. Комитет мәліметінше, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан Матаевқа тағайындалған үйқамақта ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімі 22 шілдеде аяқталған. Бұлтартпау шарасын сот белгілеуі тиіс болған, бірақ сот шешім шықпағанына қарамастан Алматының коррупцияға қарсы қызметі Сейітқазы Матаевты әлі үйқамақта ұстап отыр.
Комитет дерегіне қарағанда, 25 шілдеде Матаевтың сот ісі Астананың Есіл аудандық сотына түскен, бірақ сот өндірісіне қабылданбаған. Матаевты қорғау комитеті соттың Астанаға жіберілуі заңсыз және процесс Алматының Медеу аудандық сотында өтуі тиіс.
"Бұл әрекеттердің барлығын ойластырғандар Астанада Алматыда көрсетілетіндей қоғамдық қолдауға ие бола алмайды деп үміттенеді. Бұл - бекершілік. Комитет Матаевтың сотын бақылауға Астанада орналасқан шетелдік миссиялар мен ұйымдардың көпшілігін шақырады" делінген комитет мәлімдемесінде.
Өткен аптада Қазақстанның бірқатар қоғам қайраткері президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Матаевтың ісін жеке бақылауына алуды сұрап үндеу жолдаған.
Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамақта отыр. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толықанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады.
Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.
ҚазТАГ агенттігінің ақпараты бойынша, арасында ВВС, «Неміс толқыны», РБК, «Россия-24», France Press және өзгелері бар шетелдік бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Сейітқазы Матаевтың ісі бойынша өтетін сотқа қатысуға ниет білдірген.