Accessibility links

Жаңаөзенде "Бұрғылау" жұмысшылары тағы да жұмысқа шықпады


«Бұрғылау» ЖШС жұмысшылары өздері жаңадан сайлаған кәсіподақ жетекшісінің жұмысына кедергі жасамауды басшылықтан талап етіп тұр. Жаңаөзен, 28 шілде 2016 жыл.
«Бұрғылау» ЖШС жұмысшылары өздері жаңадан сайлаған кәсіподақ жетекшісінің жұмысына кедергі жасамауды басшылықтан талап етіп тұр. Жаңаөзен, 28 шілде 2016 жыл.

Жаңаөзенде "Бұрғылау" кәсіпорнының ондаған жұмысшысы бүгін де - бесінші күн жұмысқа шығудан бас тартып, жұмысты тоқтатты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, 200-ге тарта жұмысшы Жаңаөзеннің шетіндегі жұмысшыларды жұмыс орнына автобустармен алып кететін автобекетте таңертеңнен бері жиналып тұр. Жұмысшылар өздерінің бүгін ауысыммен жұмысқа түсулері тиіс екенін айтады.

Жұмысшылар кәсіпорын басшылығы өз араларынан кәсіподақ жетекшісі етіп сайлаған Сәдуақас Бекқалиевтің жұмысқа кірісуіне кедергі келтіріп, кәсіпорын алдына күзет қойды дейді. Олардың сөзінше, кешегі жиында облыстық кәсіподақ пен республикалық мұнай және газ өнеркәсібі салалық кәсіподағының өкілдері жұмысшылар сайлаған кәсіподақ жетекшісі заңды деген.

"Бұрғылау" кәсіпорнының біраз жұмысшысының кәсіпорындағы жұмыс берушіге өз талаптарын қойып, жиналып жүргеніне бүгін бесінші күн болды. Кеше жиналған жүздеген жұмысшы кәсіпорында жұмыс жоспарға сай атқарылып жатқанына қарамастан, басшылық дағдарыс пен қаржы тапшылығын алға тартып, жұмыс уақыты мен еңбекақы көлемін қысқартып отыр деп наразылық білдірген.

Сонымен бірге жұмысшылар ұжымдағы еңбек жағдайына қатысты құқықтарын қорғап сөйлейтін адамдарды «қудалап, қысым көрсетеді» деп айыптап, «Бұрғылау» кәсіпорны директоры Асхат Сариевтің қызметтен кетуін талап еткен. Жұмысшылар өз араларынан кәсіподақ жетекшісі етіп сайлаған Сәдуақас Бекқалиевтің жұмысқа кірісіне басшылықтың кедергі жасамауын да талап еткен.

Кеше кәсіпорын басшысы және облыстық, республикалық салалық кәсіподақ өкілдерімен кездескен жұмысшылар Сәдуақас Бекқалиевтің ұсынысымен талаптарын хатқа түсіріп, басшылыққа жолдайтын болып тарқасқан еді. Бекқалиев жұмысшылар хат тапсырып, оның жауабын күтетінін және хаттың жауабына сай әрекет ететінін айтқан.

XS
SM
MD
LG