Accessibility links

Түркия: Астана Гүленге қатысты ұйымдарға шара қабылдайды деп үміттенеміз


Түркия туы (Көрнекі сурет).
Түркия туы (Көрнекі сурет).

Түркияның Қазақстандағы елшілігі Қазақстанды елдегі «оппозициялық қайраткер Фетхулла Гүленмен байланысы бар оқу орындарының қызметін тоқтатуға» шақырады деп хабарлайды жергілікті ақпарат құралдары. "Интерфакс-Қазақстан" агенттігінің хабарлауынша, Астанада өткен брифингте Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык Гүлен қозғалысы мен оның бөлімшелеріне байланысты ұйымдар Қазақстанда да бар екенін айтып, елде Түркия билігінің қатысы бар бір ғана оқу орны ашылғанын ескертті.

- Түркияның қолдауымен ресми түрде ашылған оқу орны – Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті. Қазақстан аумағындағы «қазақ-түрік мектебі» немесе «қазақ-түрік лицейі» сынды басқа оқу орындарының біздің мемлекеттік органдарға еш қатысы жоқ, - дейді Түркия елшісі Невзат Уянык.

Елші «гүленшіл» ұйымдардың көтеріліс жасау қаупі бар екенін айтты. Бірақ ол Қазақстандағы Фетхулла Гүлен қозғалысымен байланысы бар ұйымдарды нақты атап айтпады.

Түркияда болмай қалған мемлекеттік төңкеріс әрекетіне Анкара АҚШ-та тұратын теолог Фетхулла Гүленді айыптаған. Көп ұзамай Түркия билігі Орталық Азия елдері биліктерінен «гүленшіл» дейтін оқу орындарына деген «көзқарасын өзгеруді талап етіп», «гүленшілердің төңкеріс жасау пиғылы барын" ескерткені туралы мәлімдей бастаған.

Мұның алдында Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлеріне демеушілік ететін халықаралық KATEV қоры өкілі Азаттыққа берген сұқбатында «олардың Фетхуллах Гүленге де, Түркияға да қатысы жоқ» екенін мәлімдеген болатын.

Түркия елшілігі Астанада бүгін сағат 14-те өткен брифингке Азаттық тілшілерін тіркемей қойған. Елшілік қызметкерлері Азаттыққа тілшілері "журналистер санының шектеулі екеніне байланысты тізімге сыймай тұрғанын" және брифингке қай БАҚ-тан кім келетінін елші Невзат Уяныктың өзі таңдайтынын айтқан.

XS
SM
MD
LG