Accessibility links

Жұмысшылар "Бұрғылау" басшысының "қызметтен кеткенін" айтты


"Бұрғылау" жұмысшыларының наразылық шарасынан көрініс. Жаңаөзен, 29 шілде 2016 жыл
"Бұрғылау" жұмысшыларының наразылық шарасынан көрініс. Жаңаөзен, 29 шілде 2016 жыл

2 тамыз күні Жаңаөзендегі "Бұрғылау" мекемесінің жұмысшылары наразылықтарын қайта жалғастырған соң компания басшысының қызметтен кетуге мәжбүр болғанын хабарлады. "Бұрғылаудың" белсенді жұмысшысы Рашид Базарбаевтың Азаттықа мәлімдеуінше, жұмысшылар өздеріне қысым көрсеткен компания басшысы мен оның орынбасарының орнынан кетуін, жаңадан сайлаған тәуелсіз кәсіподақ төрағасына жұмыс жасауға мүмкіндік беруін талап етіп, жұмысты тоқтатқан.

- Жұмысшылар таңғы сағат 7.30-дан кешкі 17.30-ға дейін автобекетте жиналып тұрды. Тек кешке қарай компания басшысы Асхат Сариев пен оның көлік істері жөніндегі орынбасары Нұрлан Белшердің өз еркімен орнынан кеткені белгілі болған соң ғана тарадық, - деп мәлімдеді Рашид Базарбаев.

Оның сөзінше, жаңа құрылған кәсіподаққа арнайы кабинет бөлініп, кәсіподақ жұмысын бастап кеткен. Бұдан бөлек ол заңсыз митинг ұйымдастырғаны үшін жаңадан сайланған кәсіподақ төрағасы Сәдуақас Бекқалиевтың әкімшілік жазаға тартылып, оған 42 мың теңге айыппұл салынғанын да айтты.

Қазақстан Республикасы кәсіподақтары федерациясының Маңғыстаудағы филиалы төрағасы Қайрат Жанабеков «Бұрғылау» компаниясында жұма күнгі кәсіподақ жиынының заңға сәйкес өткенін мәлімдеді.

- Біз олардың хаттамасымен танысып, өз ұсынысымызды айтып, заңдық қолдау жасадық. Енді кейбір ресми тіркеулерден соң бірігіп жұмыс жасаймыз, - деді ол Азаттыққа.

Азаттық тілшісі «Бұрғылау» директоры Асхат Сариевке бірнеше мәрте қоңырау шалғанымен сөйлесу мүмкін болмады.

Өткен апта бойы «Бұрғылау» компаниясының бірнеше жүз жұмысшы Жаңаөзендегі жұмысшылар жұмысқа аттанатын автобекетке жиналып, қызметтерін тоқтатқан болатын. Жұмысшылар мекеме басшысының қудалауына ұшырағандарын айтып, еңбек жағдайының нашарлығын, жалақының аздығын, жұмыс уақытының жұмыс көлемінің негізсіз қысқаруын айыптаған. Олар "Бұрғылаудың" кәсіподақ ұйымы "өздерінің құқықтарын қорғамайды, жұмыс берушінің сөзін сөйлейді" деп мәлімдеп, төрағаның қайта сайлануын талап еткен болатын. Жұмысшылар 29 шілде күні кәсіподақ жиналысын өткізіп, жетекшілері Сәдуақас Бекқалиевті 51 пайыз кворуммен кәсіподақ төрағасы етіп сайлаған еді.

«Бұрғылау» мекемесі Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» компаниясына бұрғылау және ұңғымаларды жөндеу бойынша қызмет көрсетеді. Компанияда 2000-нан астам адам еңбек етеді.

XS
SM
MD
LG