Қырғызстандық журналист Дайырбек Орунбеков өзіне психологиялық қысым көрсетіліп жатқанын және қауіпсіздігіне алаңдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясына Орунбековтің өзі айтты. Оның сөзінше, кеше түнде оған үйіне белгісіз адамдар барған.
- Түнделетіп бөтен кісі есік қақты. Танымайтын адам әлденені іздеп, ауылдан келгенін айтты. Сырт келбетіне қарасаң ауылдан келгенге ұқсамайды. Таңертең сыртқа шыққанымда ол подъездің алдында көлігінде отырды. Сосын менің ізіме түсті. Менімен Бішкектің Октябрьский аудандық ішкі істер басқармасына дейін бірге келді. Кейін оның Сураналиев дейтін милиция қызметкері екені анықталды. Егер ол маған шақырту бергісі келсе онда неге мені емес, басқа адамды іздеді, - деді Орунбеков Қырғыз редакциясына.
Орунбековтің сөзінше, бұл - өзіне және отбасына "психологиялық қысым" жасау. Бірнеше күн бұрын ол әйелі стресс пен уайымнан түсік тастағанын айтқан.
Тамыздың басында Дайырбек Орунбековке қатысты "сот шешімін орындамады" деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Оған сонымен бірге Бішкектен кетуге тыйым салынған.
Сот шешімі бойынша, журналист Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевқа "моральдық зардап келтіргені үшін" екі миллион сом (29 мың АҚШ долларынан астам) көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелген.
Орунбековке қарсы Қырғызстан президентінің абыройы мен қадыр-қасиетін қорғау туралы шағымды бас прокуратура түсірген. Шағымда Орунбеков өз мақалаларының бірінде Алмазбек Атамбаев пен уақытша үкімет мүшелерін "қызметі мен іс-әрекеті 2010 жылғы маусымдағы оқиғаларға әкеліп соқтырды" деп айыптады делінген.