Accessibility links

Қазақстанда сөз бостандығы шектеліп жатқаны айтылды


Сөз бостандығы бойынша ЕҚЫҰ жиыны. 13 қыркүйек 2016 жыл.
Сөз бостандығы бойынша ЕҚЫҰ жиыны. 13 қыркүйек 2016 жыл.

Бүгін Алматыдағы «Қазжол» қонақ үйіндегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен азаматтық қоғам сарапшылары қатысқан жиында Қазақстанда сөз бостандығы сақталмайтыны айтылды.

«Әділ сөз» қоғамдық ұйымының жетекшісі Тамара Қалеева елде сөз бостандығы мен жиын еркіндігі сақталмайтынын, биыл көктемде жер мәселесіне байланысты өткен митингілер кезінде 50-ден астам журналист қамауға алынғанын мысал етті.

Жиында постсоветтік Орталық Азия елдеріндегі сөз бостандығы салыстырылды. Кей сарапшылар «Түркіменстаннан бұл жиынға ешкім келе алмағанына, басқа республикалармен салыстырғанда ол елдің жабық қоғамға айналғанына» назар аударды.

Тәжікстан тәуелсіз БАҚ-тары ұлттық ассоцияциясының өкілі Нұриддин Каршибаев Тәжікстандағы баспасөз бостандығына қысым күшейгенін, тәуілсіз БАҚ-тар ЕҚЫҰ-ның қолдауын сезе алмай отырғанын айтты.

ЕҚЫҰ азаматтық қоғам сарапшыларының үшінші жұмыс кездесуіне ұйымның БАҚ еркіндігі мәселелеріне байланысты офис өкілі Елена Чернявска, ЕҚЫҰ-ның биылғы төрағасы әрі Германияның Алматыдағы бас консулдығының өкілі Бертрам Йосс қатысып отыр. Жиынға Грузия, Италия, Нидерланд, Сербия, Швейцария, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Ресейден құқық қорғаушылар мен журналистер келген. Қазақстанннан «Жас Алаш», «Трибуна», «Уральская неделья» және тағы басқа ақпарат құралдарының бас редакторлары мен жеке журналистер, «Әділ сөз» ұйымы, Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро өкілдері бар.

XS
SM
MD
LG