Ресейде өтіп жатқан сайлаудың барысына бақылау жүргізген «Россия выбирает» тәуелсіз қозғалысының өкілдері Ресейдің бірқатар аймақтарында мемлекеттік дума депутаттарын сайлауға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері анықталғаны туралы хабарлады.
Краснодар өлкесінде алдын ала толтырылып, дайындалып қойылған 400-ге жуық сайлау бюллетені табылғаны хабарланды; Томскіде бақылаушылар Ресей либералды-демократиялық партиясы (ЛДПР) сайлау күні үгіт-насихат жүргізгенін айтады; Нижний Новгород қаласында бірнеше бақылаушыны сайлау учаскелерінен шығарып жібергені және сайлау кезінде видеоға түсіруге тыйым салып жатқаны туралы хабарлар түскен.
Бурятияда бақылаушылар кандидаттардың біріне дауыс беруі үшін сайлаушыларды параға сатып алуға әрекет жасалғаны жайлы айтып берді. Ресей аннексиялап алған Қырым түбегінде Евпаторияға «сайлаушыларды дауыс беру орнына жеткізу» ұйымдастырылып, Сақ қаласында экзит-полл жүргізуге кедергі жасалғаны туралы ақпарат қозғалыс сайтында жарияланды.
Бүгін Ресей азаматтары мемлекеттік дума депутаттарын сайлауға дауыс беріп жатыр. Бұған дейінгі сайлаудан ерекшелігі – осы жолы парламенттегі 450 орынның тең жартысына партиялық тізім бойынша, ал қалғанына бір мандаттық сайлау округтері бойынша өткен дауыс беру нәтижесінде жеңіске жеткен кандидаттар сайланады.