Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Астанада ісі қаралып жатқан Сейітқазы Матаевтың өзіне қатысты айыптауына түсінік бермеді.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгін мәжіліс отырысынан соң дәлізге күзетшілерімен бірге шыққан Нұрлан Нығматулинге журналистер "Сейітқазы Матаевтың сізге таққан айыптарына қатысты не айтасыз?" деп сұраған. Бірақ күзетшілері Нығматулинге журналистерді маңайлатпады. Мәжіліс спикері журналистердің сұрағына ешнәрсе айтпастан өте шықты.
Кеше Астананың Есіл аудандық сотында өтіп жатқан соттың жарыссөзінде Сейітқазы Матаев мәжіліс спикері, Қазақстан президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы, Нұрлан Нығматулинді «Қазақстан журналистер одағы, ұлттық баспасөз клубы және ҚазТАГ ақпарат агенттіктеріне тексеру арқылы қысым жасаған адам» деп мәлімдеген.
Нұрлан Нығматиулин 2014 жылдың сәуірінен 2016 жылдың маусымы - мәжіліс депутаты болып сайланғанға дейін президент әкімшілігінің жетекшісі болған.
Қазақстан журналистер одағының төрағасы әрі ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаев биыл ақпанның 22-сінде ұсталған. Наурыздың 28-інде оның ұлы - ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған.
Бұл қамаулардың себебін түсіндірген антикоррупциялық қызмет«ҚазТАГ агенттігі мен ұлттық баспасөз клубының мемлекеттік саясатты ақпарат арқылы таратуға және басылымдарда материал басу үшін ақпараттандыру комитеті мен «Қазақтелеком» компаниясына бөлінген 300 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғаны анықталды» деп хабарлаған.
Әкелі-балалы Матаевтарға қатысты сот процесі Астанада 23 тамызда басталған.