Accessibility links

Сот Наталья Уласикті Ақтастағы психиатрлық диспансерге жібермек


Наталья Уласик, жезқазғандық белсенді.
Наталья Уласик, жезқазғандық белсенді.

Жезқазған қалалық соты бүгін "жала жапты" деп айыпталған азаматтық белсенді Наталья Уласикті сот медициналық сараптамасы оны "ақыл-есі дұрыс емес" деп тануына байланысты қылмыстық жауапкершілікен босатты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сот Уласикті Алматыға жақын Ақтас ауылына жақын психиатрлық ауруханаға күштеп емдету туралы қаулы қабылдады.

Судья Гүлсара Байкенжинова өзінің қаулысына жоғарғы сот инстанциясында шағымдануға болатынын айтты. Бірақ оның сөзінше, медициналық сараптаманың Наталья Уласикті "ақыл-есі дұрыс емес" деп тапқан ұйғарымына сот арқылы шағымдануға болмайды. Судья сараптама қорытындысын сот қарамайтынын және оның "медициналық мекеменің өз құзыретіндегі мәселе" екенін айтты. Қаулыда белсендіні мәжбүрлеп емдету мерзімі де көрсетілмеген. Судья мұны да медициналық мекеменің құзыретіндегі мәселе дейді.

Сот жабық түрде өтті. Уласикті сот залына алып келіп, алып кеткенде қасында қарауыл болды. Наталья Уласиктің қызы Юлия Уласик сот процесіне анасының қорғаушысы ретінде қатысты. Уласик қамалған 22 тамыздан бері қызы анасымен тек сотта сөйлесе алған.

Юлия Уласиктің айтуынша, анасы өзінің қарапайым ғана құқығының бұзылғанына шағымданған. Наталья Уласик өзін шолақ шалбармен жүрген жерінде ұстап алып кеткенін, туыстарымен хабарласуына мүмкіндік бермей, Қарағандыдағы абақтыда ұстағанын, кейін жаздық жеңіл киіммен этаппен жөнелткенін айтқан. Ол осының салдарынан өзіне суық тигенін, бірақ тиісті медициналық көмек алмағанын жеткізген. Белсендінің қызы сот шешіміне Қарағанды облыстық сотына шағымданатынын айтады.

Жезқазған қалалық соты 4 мамырда жергілікті тұрғынның белсендінің үстінен өзіне "жала жапты" деген шағымы бойынша Наталья Уласикті психиатрлық сараптамадан өткізу туралы шешім шығарған. Уласик Қарағандыда алдын ала психиатрлық сараптамадан өткен соң Алматыға тексерілуге барудан бас тартқан.

Наталья Уласикті 22 тамызда Жезқазған қалалық сотында тұтқындап, Алматыда мәжбүрлі түрде психиатрлық сараптамадан өткізілген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG