Accessibility links

Боқаев пен Аянды қолдаған пикетшілерге айыппұл салынды


Сотқа тартылып жатқан азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдаушылар. Көрнекі сурет.
Сотқа тартылып жатқан азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдаушылар. Көрнекі сурет.

Атырау ауданаралық әкімшілік соты Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдап жеке пикет өткізген қала тұрғыны мен павлодарлық құқық қорғаушыға 42 мың теңгеден айыппұл салды.

25 қазан күні №2 Атырау қалалық сотының алдында азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талған Аянды қолдап, плакат көтеріп пикетке шыққан Шаттық Тәжкенова мен Елена Семенованы полиция бірнеше сағат ұстап, жауаптаған соң әкімшілік сотқа алып келді. Боқаев пен Аян үкіметтің жер реформасына байланысты сәуір айында "заңсыз митинг ұйымдастырды", "әлеуметтік алауыздық тудырды" деп айыпталып, 12 қазаннан бері сотқа тартылып жатыр.

Елена Семенованың сөзінше, пикетке шыққандар конституцияға сәйкес тамақ ішуге құқылары бар екенін айтқан соң полиция қызметкерлері оларға түскі ас берген.

Пикетке шыққан екеуді Атырау ауданаралық әкімшілік соты әкімшілікік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 1-бөлімі бойынша айыпты деп танып, әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салды (1 АЕК - 2121 теңге - ред).

- Бұл жалғыз адам пикеті. Заңда жеке пикетті жазалау туралы бап жоқ. Біз өз пікірімізді айтуға құқымыз бар. Мен заңды бұзғам жоқ,- деді Елена Семенова.

Бұған дейін Елена Семеноваға атыраулық полицейлер тезірек кетіп қалуды ұсынған.

- Маған "сіз бәлкім демалуыңыз керек шығар, кетіп қалсаңыз қайтеді" деді қалалық бөлімшедегі аты-жөнін айтпаған полицейдің бірі, мен әлі Атыраудағы сотты бақылайтынымды айттым, - деді Елена Семенова.

Шаттық Тәжкенова өзіне ешкімнің алдын ала ескертусіз бірден айыппұл салғанын айтады.

- 20 айлық есептік көрсеткіш деді. Судья келісті, - дейді Шаттық Тәжкенова.

Екі белсенді де әкімшілік сот шешіміне арызданатындарын айтады.

XS
SM
MD
LG