Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сеулде Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хемен кездесіп, екіжақты сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, транспорт-коммуникациялық және ғылыми-техникалық мәселелерді талқылады.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Назарбаевтың Сеулге мемлекеттік сапары аясында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан ары тереңдету туралы бірлескен декларацияға қол қойылды. Қос президент сонымен қатар халықаралық және аймақтық кейбір өзекті мәселелерді, оның ішінде ядролық қаруды таратпау, ғаламдық қауіпсіздікті кибер қылмыс қаупінен сақтандыру жайын талқылады.
Кездесуде екіжақты байланыстарды ары қарай да дамыту, өзара тауар айналымын арттыру келешегі де анықталды. Екі ел басшылары қазақстан-корей стратегиялық ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығару жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты.