Оңтүстік Корея прокуратурасы жексенбі күні ел президентінің құрбысы, мемлекеттік істерге араласты деген күдікке ілінген Чхве Сун Сильге ресми айып тақты. Тергеу болжамы бойынша, күдікті өз бақылауындағы қорларға Оңтүстік Кореяның корпорацияларын миллиондаған доллар ақша аударуға мәжбүрлеген.
Ел президенті Пак Кын Хе президенттік имунитеті болғандықтан қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Прокуратура коррупциялық жанжалға президенттің қатысы бар деп санайтыны туралы мәлімдеген. Бұған жауап ретінде президент тергеушілерді саяси мақсатты көздеп отыр деп айыптаған.
Пак Кын Хенің президенттік қызмет өкілетіні аяқталуына екі жылдан астам уақыт бар. Қарашаның басынан бері Оңтүстік Кореяда Пак Кын Хенің отставкаға кетуін талап еткен жаппай наразылықтары өтіп келеді. Оппозиция бұл жанжал президентке импичмент жариялау туралы дискуссияның бастауына айналуы мүмкін деп мәлімдеген.
Оңтүстік Кореяның баспасөз құралдары қазан айының соңында президент құрбысы Чхве Сун Сильдің мемлекеттік саясатқа ықпал жүргізіп отырғаны туралы жарыса жазғаннан кейін Пак Кын Хенің рейтингі құлдырап кеткен. Президенттің бірнеше бұрынғы көмекшісі билікті асыра пайдаланған деген айыптар бойынша қамауға алынған. Пак Кын Хе болған жайтқа байланысты халықтан кешірім сұраған, бірақ қызметінда қала беретінін мәлімдеген.