Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) Ресейдің 30 шақты спорт түрі бойынша жарысқа қатысқан мыңнан астам спортшысы допинг қолданған деп мәлімдеді.
Агенттіктің Ричард Макларен басқарған тәуелсіз комиссиясы жұма күні Ресей спортындағы допинг туралы баяндамасының екінші бөлімін жариялап, осындай деректі айтты. Маклареннің сөзінше, 2014 жылғы Сочидегі жарыста медаль алған 44 спортшының 12-сінің допинг-сынамасы ашылып қалған, ресейлік алты паралимпиадашы да медальға осы жолмен жеткен.
WADA биыл Риода өткен олимпиада ойындарына бүкіл Ресей құрамасын қатыстырмауды сұраған. Кейін Халықаралық олимпиада комитеті ресейлік спортшылардың олимпиадаға қатысуын жекелеген спорт федерациялары шешетінін мәлімдеген. Рио ойындарына Ресейдің жеңіл атлетика мен ауыр атлетика құрамасы қатысқан жоқ. Кейін Ресей Рио паралимпиадасынан толықтай шеттетілген.
Өткен аптада Халықаралық олимпиада комитеті Ресейге қатысты санкцияны ұзартып, халықаралық қысқы олимпиадалық спорттар федерациясын жарыс өткізуге Ресейден басқа жерді іздеуді ұсынған.