Accessibility links

Мәжіліс Тінікеевті өкілетінен айыруды қолдады


Мұхтар Тінікеев, парламент мәжілісінің өкілетінен айырылған депутаты.
Мұхтар Тінікеев, парламент мәжілісінің өкілетінен айырылған депутаты.

Парламент мәжілісінің депутаттары бүгін депутат Мұхтар Тінікеевті өкілетінен айыруды қолдап дауыс берді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Тінікеевті өкілетінен айыру туралы ұсынысты мәжіліске Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) ұсынған.

ОСК төрағасының міндетін атқарушы Владимир Фоостың қаулысын ОСК мүшесі оқып берді. Онда ОСК конституцияның 52-бабының 5-тармағы мен 24-бабы және "Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" заңы бойынша Тінікеевті өкілетінен айыру ұсынылған.

Парламент мәжілісі кеше мәжілістің депутаттық этика кеңесі Тінікеевтің өзін өкілетінен айыру туралы өтінішін қарап, онымен келіскенін хабарлаған. Тінікеевтің өзін өкілетінен айыру туралы ОСК-ге де ресми түрде өтініш түсіргені хабарланған.

Мұхтар Тінікеев өтінішінде "жуықта әлеуметтік желі арқылы тараған видеодағы әрекетіне өкінетінін" айтқан.

Депутат Мұхтар Тінікеевтің Қарағанды облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Николай Полевойды ұрып балағаттаған видеосы, Полевойдың "сіз мені депутат еттіңіз" деген сөзі әлеуметтік желіде жиі талқыланған тақырыптардың бірі болған.

Таяуда интернетте тараған даулы видеоға қатысты БАҚ-қа жауап берген Мұхтар Тінікеев мұны "екі жыл бұрынғы қалжың" десе, Николай Полевой "бала кезден бергі досы Тінікеевпен екеуінің арасындағы жеке мәселе" деп түсіндірген.

XS
SM
MD
LG