Accessibility links

АҚШ барлауы: Путин Трампқа болысу үшін хакерлік шабуылға пәрмен берген


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ барлау қызметі Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тағы президент сайлауына ықпал ету және сайлауға түскен кандидаттардың бірі Дональд Трампқа жәрдемдесу мақсатымен хакерлік шабуыл жасауды бұйырған деген тұжырым жасаған.

Қаңтардың 6-сы күні жарияланған АҚШ барлауы қызметі директорының құпия емес баяндамасында Мәскеудің республикалық партия кандидаты Дональд Трампқа болысу үшін оның демократиялық партиядан ұсынылған бәсекелесі Хиллари Клинтонның беделін түсіруге күш салғаны айтылған.

Бұған дәлел ретінде 25 беттік құжатта Путиннің 2016 жылы АҚШ президент сайлауының нәтижесіне ықпал ету мақсатын көздейтін шаралар өткізуге пәрмен бергені атап көрсетілген. "Ресейдің мақсаты - АҚШ-тағы демократиялық процеске қоғамның сенімін сетінету, Клинтонды қаралау және оның сайлауда болашақ президент ретіндегі мүмкіндіктеріне нұқсан келтіру болған".

"Біздің бағалауымызша, Путин мен ресейлік үкімет Трампқа айқан басымдық берген. Біз бұл бағалауға толық сеніммен қараймыз» делінген баяндамада.

Баяндама мазмұны АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың қаңтардың 6-сы күні арнайы қызмет басшыларымен кездесуінен кейін жарияланған. Кездесуде Трампқа баяндаманы тексеру қорытындысымен бірге таныстырған. Бұдан соң жасаған мәлімдемесінде Трамп 2016 жылғы президент сайлауының нәтижесін шетелдік хакерлер шабуылы ықпалының салдары деп санамайтынын айтқан.

Reuters агенттігі барлау қызметі басшыларымен болған әңгіме қорытындысы бойынша жасалған Трамп мәлімдемесінің басты мақсаты – оның президент сайлауында жеңіске сырт жақтың ықпалынсыз өз күшімен жеткеніне байланысты айтылып жүрген кез-келген күмәнді сейілтуді көздейді деп жазған. Трамп Ресей, Қытай және өзге де елдер, топтар мен жекелеген тұлғалар америкалық мекемелерге, соның ішінде демократиялық партияның ұлттық комитетіне шабуыл жасамақшы болғанын мойындаған. Бірақ, Трамптың сөзінше, ондай әрекеттердің «ешқандай әсері» болмаған.

Ресей АҚШ-тағы президент сайлауы нәтижесіне ықпал ету мақсатымен сайлауға қатысушыларға жасалған хакерлік шабуылдарға өзінің мүдделі болғаны жайлы айыптауларды жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG